Қармақшы: Жаңа оқу жылына дайындық барысы талқыланды

928

0

Бүгін аудан әкімі Мұса Қалдарбековтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігі мәжілісінде білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы мен әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы қаралды.

Санитарлық карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген алқа мәжілісінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Д. Нәзікбаевтың хабарламасы тыңдалды.

2020-2021 оқу жылында аудан бойынша 15433 оқушы білім алады.  Қазір 1-сыныпқа 1644 оқушы қабылданған. Айта кету керек, 1 қыркүйектен бастап барша білім беру мекемелері жұмысын онлайн жүйеде жүргізе бастайды. Бүгінде аудандағы білім беру мекемелеріндегі оқушылар карантин режиміне байланысты қашықтан оқытылады. Сонымен қатар жаңа талаптарға сәйкес 1-4 сынып оқушылары үшін 15 баладан аспайтын кезекші сыныптар ашу жоспарланған.

Аудан басшысы Мұса Оспанұлы білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап, көмекке мұқтаж балаларды «Мектепке жол» акциясы арқылы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді бөлім басшысына тапсырды. Сонымен бірге тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен білім беру ұйымдарының басшылары бірлесіп санитарлық сақтық шаралары мен ғимараттың талап нормаларына толық сай болуын қамтамасыз етуді жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй –коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Р. Ефеновтың хабарламасы тыңдалды.

Ауданда негізгі қатты отынды тасымалдаумен 4 кәсіпкер және сұйық отынды тасымалдаумен 4 кәсіпкер айналысады. Аудан тұрғындарына жылу маусымында отын қажеттілігі 19500 тоннаны құраса, бүгінге дейін тасымалданған қатты отын көлемі 33,4% пайызға орындалған. Аудандағы барлық әлеуметтік нысандарға қажетті отын қоры 1 қазанға дейін тасымалданып болады деп жоспарлануда.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<