Қауіпсіздік қашан да маңызды

441

0

Министр көппен кездесуде өткір мәселелерді айтты Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин «Достық үйінде» облыс тұрғындарымен кездесті. Кездесуде министрліктің төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел әрекет етуге бағытталған жұмысымен таныстырды.

Жалпы, биылғы жылдың 10 айында республика бойынша 11 мыңнан астам төтенше жағдай тіркеліп, қаза болғандар саны 26%-ға азайған. Соған қарамастан көрсеткіш 570 адамды құрап, жоғары деңгейде қалып отыр. Министрлік бөлімшелері әртүрлі төтенше жағдайларға 70 мыңға жуық сапар жасап, 22 мыңға жуық адам құтқарылды және эвакуацияланды. Сондай-ақ, 4 мыңнан астам зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Министр облыстағы жағдай тұрақты екенін атап өтті. Аймақта жыл басынан бері 400-ден астам төтенше жағдай тіркеліп, өлім-жітім 37%-ға азайған. Олардың көпшілігі тұрғын үй секторындағы және көліктегі өрттер. Күн суытқалы бұл көрсеткіш, өкінішке орай, артып келеді.

Жыл сайын жылу маусымы қарсаңында министрлік қыста адам өлімін азайтуға бағытталған шараларды қолға алады. Ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарына – көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көңіл бөлінеді. Облыста осындай 7,5 мыңнан астам азамат тіркелген. Әлеуметтік қамсыздандыру органдарымен бірлесіп оларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жергілікті атқарушы органдар мен демеушілер қаражаты есебінен олардың үйлеріне 1200 өрт хабарлау құралы орнатылған.

Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар құрылымдарының қызметкерлері тұрғын үй секторында тұрмыстық өрттердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Айта кететін жайт, рейдтер барысында заңбұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтарға әкімшілік шара қолданбай, оларды жою, сондай-ақ жылу беру кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша ұсыныстар беріледі. Есепті кезеңде облыста 37 мыңнан астам тұрғын үй тексеріліп, 1000-ға жуық заңбұзушылық анықталған.

Төтенше жағдайлар министрі күнделікті өмірде жиі кездесетін заңбұзушылықтар – жарамдылық мерзімі өтіп кеткен газ баллондарын қолдану, оларды жылыту құрылғыларының жанына орнату, сондай-ақ газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істемеуі екенін атап өтті. Мұның бәрі қайғылы салдарға әкеледі. Сондықтан баллонға газ құю жанармай құю бекеттерінде емес, тек арнайы орындарда жүргізілуі керек.

Сондай-ақ, Юрий Ильин көктемгі су тасқыны мәселесі өңір үшін әлі өзекті екенін айтты. Республикада, оның ішінде облыста су тасқыны қаупін азайту бойынша Жол картасы, су тасқынына қарсы іс-шараларды әзірлеу жоспары жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірдің су басу аймағында 29 елді мекен бар. Оның ішінде 500 мыңға жуық азамат тұратын 23-де тәуекелдер барынша азайтылды.

Министрлік өндірістік объектілердегі қауіпсіздікті жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Облыста 200-ден астам өндірістік кәсіпорын мен 16 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысан бақылауда. Есепті кезеңде мұнай-газ кен орындарында үш өндірістік апат тіркелді. 1,3 мыңнан астам қауіпті нысан тексерілді. Мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, 65 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің даму перспективаларына тоқталған министр бүгінде өңірде өртке қарсы қызметті 16 бөлімше қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Бұл жеткіліксіз. Сондықтан кезек күттірмейтін мәселенің бірі – тағы екі бөлімше ашу. Облыс орталығының сол жағалауының белсенді дамуы, жаңа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің салынуы Қызылорда қаласында да, басқа елді мекендерде де қосымша өрт сөндіру бекеттерін салу мақсатында аумақты дамытудың облыстық жоспарын қайта қарауды талап етеді. Жалпы өрт сөндіру бөлімшелері әртүрлі мақсаттағы 106 техникамен жабдықталған. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен биыл 44 бірлік өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасы, министрлік арқылы үш өрт сөндіру көлігі сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы үшеуін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, әкімдіктер құрған 22 өрт сөндіру бекеті бар. Олар 107 мыңнан астам адам тұратын 52 елді мекенді өрттен қорғауды қамтамасыз етеді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсарту бойынша да ауқымды жұмыс атқарылған. Бүгінде бұл көрсеткіш республика бойынша 75 пайызға жетті. Қорыта келе, Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин кездесуге қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Тұрғындар облыс орталығының сол жағалауында өрт сөндіру депосын салу, қалааралық тасымалдаушылар үшін мобильді қосымшаларды енгізу, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен бірлесіп жұмыс істейтін жергілікті еріктілерді ынталандыру секілді мәселелер бойынша сауалдарына жауап алды.

Кездесу соңында Төтенше жағдайлар министрі БАҚ өкілдеріне де брифинг берді.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<