Қауіпсіздік салғырттықты көтермейді

653

0

Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан биыл 297 өрт болды. Сондай-ақ, жыл басынан бері облыс көлеміндегі тұрғын үй секторында 162 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков  айтты.

Болған жағдайлар көбіне тұрғындардың қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен және балаларды қараусыз қалдыруынан.

Осыған орай өткен жылу беру маусымында тұрмысы төмен және аз қамтылған 1843 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы датчик орнатылды. Ал биыл 1657 отбасыға датчик орнату жоспарланып отыр.

– Жылу беру маусымы кезінде қатты отынмен жылытатын тұрғын үйлерде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан өрт оқиғалары және көмірқышқыл газынан улану фактілері жиі болады. Осыған байланысты жылу маусымына дайындық  жұмыстары барысында облыстағы 7 589 тұрғын үй секторын аралап,  25 192 тұрғынға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірдік, – деді Асхат Оразбеков.

Басқарма басшысы жылу беру маусымы кезінде пештердің қауіпсіз болуы үшін мұржаны ай сайын тұрақты түрде тазалап, жанына жанғыш заттарды қоюға болмайтынын ескертті. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының кезектен тыс отырысы өтіп, тиісті мекемелерге тапсырма берілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<