Қазақ баспасөзі: күнгей мен көлеңке

570

0

Қоғам жаңарады, құндылықтар алмасады. Сол құндылықтар легінде қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі туралы толғақты мәселелер шын мәнінде, шарықтау шегіне жеткендей еді.

Цифрлық технология дамыған сайын дәстүрлі мерзімді басылымдардың тынысы тарылғаны рас. Бірақ, олардың ендігі тағдырына қолды бір сілтей салу – қиянаттың қиянаты. Баспасөздің ғасырлар бойы сөйлеген сөзі, ұлтының тілі, ар-намысы, рухы болғанында ешкімнің дауы жоқ. Есесіне, жаңашылдықпен қатар дамуға оның да құқы бар. Осы тұрғыдан келгенде өңірлік мерзімді басылымдар форумының екі күн бойына елордада талқылануы тегін емес. Өйткені, өткелде сүйейтін күш пен өмірлік маңызы бар мәселелердің басы ашылуы тиіс.

Байқасаңыз, кейінгі уақытта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңа тұрпаттағы бастамаларға ұйытқы болып отыр. Соның бірі осы өңірлік мерзімді басылымдар форумы десек, тұңғыш рет ұйымдастырылған басқосу алғашқы өз мақсатының жүгін көтере алды. Журналист мамандарды дайындаудан бастап, оқырманға газет-журнал жеткізуге дейінгі астасып жатқан ауқымды еңбектің өткір мәселелері сарапқа түсті. Форумға республиканың жер-жерінен екі жүздің үстінде баспасөз саласының, медиа құрылымдардың өкілдері қатысты.

ОРНЫҚТЫ ОН МІНДЕТ

Жаһандық ақпарат ағымында мерзімді басылымдардың алар орны ерекше. Бұл – тарихымыз бен мәдениетімізді, рухани ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін негізгі ақпарат құралы. Мұны форумның ресми ашылу сәтінде Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты.

– Егер 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде олардың саны 5 мыңнан асқан. Оның 70%-ға жуығы – баспа басылымдары. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен болашағының зор екендігіне тағы бір дәлел. Отандық медианың әлеуетін бұдан да арттыру үшін алдымызда ауқымды міндеттер тұр.

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғам мен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы тұрғыда өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдарының мәселелерін, атап айтқанда оқырман саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Бүгінгі жиын мақсаты да – осы, – деп келтірді Алтай Көлгінов.

Премьер-минстр орынбасарынан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сөз алды. Министр атап өткендей, мерзімді басылымдар, оның ішінде өңірлік БАҚ – журналистиканың алғашқы мектебі, алғы шебі іспетті.

Әрбір редакция – зиялылар қауымы, шығармашылық өкілдері топтасатын өнегелі орта. Қазақтың көрнекті тұлғалары өз туындыларын сонда жариялап, елге танылды.

– Өткен жылы өңірлерге сапарлар кезінде көптеген басылымдардың редакциясына арнайы барып, жай-күйімен жақын танысқан едік. Сол кезде өңірдегі өзекті мәселелерді Астанада ойласамыз деп уәде еткенбіз. Соның орайы бүгін келіп отыр.

Цифрлық технологиялар адамзаттың ақпарат тұтыну әдеттерін түбегейлі өзгертті. Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатынымыз белгілі. Соның салдарынан көптеген басылымдар өз жұмысын тоқтатуға немесе тираж санын күрт азайтуға мәжбүр болды.

Әсіресе пандемия кезінде дәстүрлі баспалар күрделі тектоникалық өзгерістерді бастан кешірді.

Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Тиісті талаптарға сай келмегендіктен, бөлінген қаражаттардан құр қалған редакциялар аз емес. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәселен, аудандарда 159 газет жекеге өткен.

Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетуге әзірміз, – деді министр.

Сондай-ақ, Дархан Қуандықұлы газет-журналдардың таралымы азайып, тіпті кейбірінің жабылып қалуы бізді ғана емес, бүкіл әлемді мазалап отырған түйінді мәселе екенін атап өтті. Сондықтан осы күнге дейін елімізде жабылған газет-журналдардың нақты себептері терең ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді. Қандай шешім қабылданса да ол ғылыми негізге сүйенуі тиіс.

– Бүгін осы мәселелердің шешу жолдарын бірлесе қарастыру үшін өз ойларымды ортаға сала кеткім келеді, – деді министр ендігі сөзінде. –  Біріншіден, біз журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдауды көздеп отырмыз. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген жаңа заң таяуда жұртшылық талқылауына шығарылды. Ол кеңінен талқылануда. Бұл заң жобасы кәсіби журналистің қоғамдағы орнын айқындап, әлеуетін көтереді деп ойлаймыз.

Сонымен бірге Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленуде. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді.

Екіншіден, Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Сондай-ақ Ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік.

Үшіншіден, аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері  2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз.

Төртіншіден, Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту мақсатында шеберлік сыныптары өткізіледі.

Бесіншіден, өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдар республикалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының да жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Мен «Жаңақорған тынысы» газетін айтқым келеді. Осыны ескере отырып, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетеміз.

Алтыншыдан, пост-шындық кезеңінде шындығымызды жоғалтып алмас үшін, баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алғанымыз жөн. Осы орайда, онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленуде. Бұл заң жобасы шеңберінде қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Осы орайда басылымдардың жарнама берушілермен жұмысты жүйелі жолға қойғаны абзал.

Жетіншіден, басылымдарды тарату төңірегінде түйткілді түйіндер бар екенін білеміз. Министрлік «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақытылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойды. Осы орайда, Қызылордадағы «Сыр медиа» ЖШС-ның үлгісін ерекше атап өткім келеді. Серіктестік газет басу, тарату ісінде жүйелі жұмыс істеп отыр. Сонымен қатар, жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығы алынып тастау қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді деген ойдамыз.

Сегізіншіден, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы керек. Сондықтан елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі.

Тоғызыншы, өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн.

Оныншы, шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуға тиіс.

Осындай он міндеттің сарабын сөз еткен министр кейінгі жылдары дәйекті, дәлелді ақпаратқа сұраныс артқанын да мысалға келтірді. Айталық, пандемия кезінде әлеуметтік желіде жалған ақпарат қаптады. Халық өтірік пен шынның аражігін ажырату үшін сенімді дереккөзге жүгінді. Оны газеттер мен кейбір мемлекеттік телеарналардан таба алды.

– Жалпы сапалы  журналистика ұсынатын басылым ретінде дәстүрлі БАҚ-тың құндылығы арта берері анық. Газеттер соңғы оқырманы қалғанша шыға береді. Бірақ баршамыз оның сапалы шығуына қызмет етуге тиіспіз.

Газет – тілдің өрісі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген жаңа терминдердің орнығуында газет журналистерінің еңбегі орасан. Газет тіл құнарлығын сақтап, оқу мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан интеллектуалды журналистиканы дамытуға мүдделіміз. Біздің жиын жыл басындағы кеңесу, алдағы бағыт-бағдарды бағамдау іспетті. Сондықтан бұл басқосу тұрақты негізде өтіп тұрады деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі жиынды бейнелеп айтсақ, ұстаздар қауымының тамыз кеңесі сияқты дәстүрге айналдыруды ұсынамын, – деді Дархан Қуандықұлы.

ОҚУ МӘДЕНИЕТІНЕН АЙЫРЫЛҒАН АДАМ ОЙЛАУ МӘДЕНИЕТІНЕН АЙЫРЫЛАДЫ

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіптің атап өткеніндей, ақпараттық технология дамыған сайын «Газет-журналдың керегі бар ма, бар болса оны дамытудың жолы қайсы?» деген сауал жиі алдан шығып отыр.

«Қазір оқырманды ақпараттық мақаламен таңғалдыра алмайсың, бұл ретте, өңірлік басылымдар ағартушылық және танымдық дүниелерді жариялау арқылы мәртебесін арттыра алады. Оқу мәдениетінен айырылған адам ойлау мәдениетінен айырылатынын естен шығармаған жөн» деп нақтылай түсті.

Сондай-ақ, Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Асқар Омаров өз сөзінде: «ХХ ғасырдың ортасында да «радионың, газеттің дәурені өтті» деген пікір айтылған еді. Бұл пікір осы уақытқа дейін айтылып келсе де, басылымдар мен радио маңыздылығын жоғалтпай, өз тұтынушыларына сапалы өнім ұсынып отыр. Алдағы уақытта мерзімді баспаларды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеген жөн» деді.

Форумда сөз алғандар қатарында «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізудегі бірқатар өзекті мәселені қозғады.

– Мен бұл арада бес проблеманы көріп отырмын. Бірінші – заң. Бұл журналистерді қорғау әрі мүмкіндік. Екінші – мемлекеттік тапсырыс. Жасыратыны жоқ, сіз бен біз соның арақасында тіршілік кешіп отырмыз, бірақ онан қағылып қалатындар да бар. Үшінші – БАҚ-қа сенімнің азаюы. Адам алдымен өзін сынап алуы керек деп ойлаймын. Кейбіреулердің немесе белгілі бір топтардың қолшоқпары болып кеткендер бар. Себебі, қоғам қаламайтын адамды баспасөз мақтап отырса, кері әсер әкеледі. Халық бәрін алақандағыдай көріп отыр. Төртінші – жалақыны, басқа да әлеуметтік тетіктерді жақсарту мәселесі. Бесінші – кәсібилік деңгей. Қазір жас журналистер жоқтың қасы. Журналистикада білім бағдарларын түзету керек, оларды дайындау туралы көзқарасты өзгерту керек. Ақпарат деген бәрімізге ортақ. Ол ауыл не қала деп бөлінбейді. Сондықтан мүдде игілігі үшін табанды еңбек болуы тиіс деп ойлаймын, – деді.

ГАЗЕТ – ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРАЛ

Алдымен осының аражігін ашып алайық деді форумға қатысушылардың бірқатары.

– АҚШ және басқа да халық саны көп елдердің тәжірибесі мысалға алынып жатыр. Бірақ біз Қазақстанда тұрамыз. Астана, Алматы секілді ірі қалаларда газет жарнама тартуы мүмкін, ал өңірлердегі мәселе бұған келмейді. Ең алдымен біз газет ақпарат құралы ма, әлде идеологиялық құрал ма? Осыны ашып алайықшы. Қазақстан жағдайында газет – идеологиялық құрал, – деген ой тастады «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Абай Балажан.

Бұл тұрғыда пікір пайымын сабақтай түскен ол: – Айталық, пәленше деген диқан егін егеді және ол өзі үшін егеді. Мемлекет оның өнімін қалай өткізіп беру, субсидияны қалай төлеу дегенге көңіл бөледі. Ал идеологиямен мемлекет күнделікті бас ауыртуы керек деп ойлаймын. «Бұл нарық, өзің жазыл, ешкімді газетке жаздыруға мәжбүрлеуге болмайды» деген әңгіме Батыста, Еуропада жүруі мүмкін, қазіргі жағдайда ол елімізде жүрмейді. Сондықтан газет-журналға жазылуға ықпал жасалуы керек. Егер мұғалім ауыл интеллигенциясының жарқын өкілі десек, сонда газет оқымайтын  интеллигенция  бола ма?  Осы  сөзіміз  жоғарыға  жетсе дейміз, – деп толықтырды.

Шынында, әзірге Батыс пен Еуропаны бізбен салыстыру қиын. Алайда, кейбір өркениетті мемлекеттер өз тілдерін сақтап, дамыту үшін газет өндірісіне бетбұрысты қайта күшейткен. Мысалы, Германия өз тілдерінде шығатын газеттерді субсидиялау тәжірибесін қайта қолға алған.

Қазіргі ақпараттық дәуірде жасыратыны жоқ, әмбебаптық алға озып тұр. Ақпарат таратудың барлық тәсілдерін меңгерген, тіпті, бірнеше адамның атқаратын қызметін алып жүретіндерге сұраныс артты. «Әйтсе де осы салада оқып жатқан мыңдаған студент-шәкірт ертең қалай маманданады?» деген сауал түсті.

Спикер Ерболат Мұхамеджанның айтуынша, қазіргі студенттердің 90 пайызы жеке, тәуелсіз журналист болуды қалайды екен. Сауалнама солай деген тәрізді. Сонда ұлттық, мемлекеттік мүдде, оның дамуы, бағыты жолында жан аямай жұмыс жасайтын жастар қалай тәрбиеленуі керек? Онсыз да блогер, тәуелсіз журналист дегеннен аз опық жеп отырмаған қазақ қоғамы үшін бұл да ойланарлық мәселе.

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҚОЛДАУЫ ҮЛГІ РЕТІНДЕ ҰСЫНЫЛДЫ

Астанада өткен форумда «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев арнайы спикер ретінде сөз сөйледі. Серіктестік атқарып жатқан жұмыстар, жобалар, қолға алынған бастамалармен бөлісті.

«Сыр медиа» – дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианы үйлестіре дамытып отырған бірден-бір құрылым. Аймақтар ішінде өз баспаханасы бар, «Қазпошта» мекемесінің қызметінен бас тартып, өзінің баспасөзге жазылу, тарату қызметін жолға қойған.Баспахана кітап өндірісін де іске асырып отыр.

Форумда А.Оңғарбаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың 5 мың студенттің газетке жазылу қаражатын субсидиялауды қолдайтынын жеткізді. Бұл бастама облыс әкімдігі мен жергілікті мәслихат депутаттарының бірлесіп қабылдайтын шешіміне сәйкес жүзеге асырылатын болады.

–  Бұл  –   республикада тұңғыш рет көтеріліп отырған бастама. Мұны жастарға жасаған қолдау, жанашырлық әрі елдік мүддені ту еткен мерзімді басылымдарға көрсеткен демеу деп түсіну керек. Қазіргі таңда Сыр өңіріндегі жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам, колледждерде 20 мыңның үстінде студент оқиды. Солардың арасынан ықылас танытқан жастарға тегін газетке жазып беру мүмкіндігі қарастырылатын болады, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Форумда серіктестік директоры мемлекеттік тапсырыс тарифтеріне қатысты нормативтік-құқықтық акт бекіту туралы да ұсынысын жеткізді. Мысалы, мемлекеттік тапсырыс бойынша әр шаршы сантиметрге төленетін қаржы республикалық басылымдарға 700 теңге болса, өңірлік газеттерге 120 теңге. Мұндай үлкен айырмашылық сайттарға да тән. Жергілікті сайттың әр символына 3,25 теңге қаралса, республикалық санаттағылар 170 теңге алады. Осыны ескере келгенде бірізділік қажет. Бұл – министрлік тарапынан оңғарылатын мәселе. Министрлік ықпалы болмаса, жергілікті басқарма ешнәрсе өзгерте алмайды.  

«Сондай-ақ, газет тарату қызметін субсидиялауды қарастырған жөн. Мұндай мүмкіндікті «Қазпошта» пайдаланып отыр. Шамамен олар газет таратқаны үшін 2 млрд теңге субсидия алады. Осы тәжірибені біз секілді газет жаздырып, тарататын Қазақстандағы бірнеше мекемеге қарастырған жөн. Мұны үйлестіру тетігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне берілсе» деп толықтырды сөзін серіктестік басшысы.

Ұсыныстар қатарында республика көлеміндегі барлық санаттағы кітапханалар арқылы баспасөзге жазылуды тұрақты міндетке алу, студенттер үшін газетке жазылуды субсидиялау мәселесі де көтерілді. Сондай-ақ, педагог мәртебесінің артуына ықпал еткен еңбекақының өсуі секілді ұстаным журналистерге де қажет. Әлеуметтік қолдау пакеттерін ұйымдастыру, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жас журналистерді баспанамен қамту, бір реттік  көтерме сыйақы тағайындау, жас журналистерді арендалық үймен қамтамасыз ету де – көп мәселенің шешімі.

– Оған қоса журналистердің біліктілігін арттыруға, жан-жақты тәжірибе алмасуға республикалық деңгейде жүйелі түрде жұмыс жүргізілу керек. Мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер сияқты жатын орнымен, бару-қайту шығыны қамтамасыз етілетін, біліктілік арттыратын, тәжірибе алмасатын курстар ұтымды ұйымдастырылғаны абзал. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында байқаулардың жаңа тәсілдерін табу және оған аймақтардың қатысуына басымдық беру шығармашылық өкілдерін қанаттандыратыны сөзсіз. Біз, әлгінде айтылғандай, газет идеология құралы десек, мерзімді басылымдардың жағдайын жақсартуға мүдделіміз, – деп қорытты сөзін Аманжол Оңғарбаев.

АДАМДАР ЖАҚСЫЛЫҚТЫ КӨРУДЕН ҚАЛЫП БАРАДЫ

Әрине, екі күндік форумда тақырып аясы тек мерзімді басылымдардың әлеуметтік жағдайымен шектеліп қалған жоқ. Ақпараттық кеңістікте позитив пен негативтің ара салмағы, журналистік мәдениет, кәсіпке адалдық тұрғысында да өткір ойлар айтылды.

Жасыратыны жоқ, бүгінде бірқатар БАҚ, әсіресе әлеуметтік желілер рейтингтің бәсекесіне түсіп, елді дүрлікпе ақпаратпен «елітуге» тырысып жүр. Өкінішке орай, қайсыбір елге игілік әкелетін жаңалық қаралымнан не насихаттан олқы тартып жатады. Сонда біз қайда барамыз? Жақсыны көрмесек, жамандықты жата кеп үндесек, алдан не күтеміз? Ақпараттық тасқынның осы бір астарлы тұсын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов әсерлі жеткізді.

– Адамдар жақсылықты көруден қалып барады. Егер осылай кете беретін болсақ, еліміз туралы қалыптасып қалған теріс түсінікті одан сайын үңгіп, тереңдете береміз. Рас, елде өте күрделі, елеулі проблемалар бар. Бірақ баз біреулер жазып жүргендей, Қазақстан дәл соншалықты сорлы ел емес. Елдің әлеуеті әлсіз емес. Сондықтан халықтың сағын сындыра бермеу керек. Оқырманды түңілте берудің қажеті жоқ. Оның аяғы жақсылыққа апармайды.

Халықтың еңсесін көтеретін, жасалып жатқан жақсы істерді де, үлкен проблемаларды да үмітті үздірмейтін, сенімді күшейтетін мәселелерге де назар аударылса деймін. Және бұл дәл осы айларда өте маңызды. Өйткені сайлау қарсаңында партиялар өздерінің бағдарламаларын ұсынады. Тізімге енген кандидаттар елді мекендерді аралап, насихат жұмыстарын жүргізеді. Олардың барлығында дерлік назар елдегі кемшіліктерге аударылады. Өйткені кім кемшілікті көбірек айтса, кім проблеманы көбірек көтерсе, солардың сөзі өтімді болатынын бәрі біледі.Бірақ, бәрі олай емес,– деді белгілі қаламгер.

Бұл пікірге Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы да ой қосты.

– Қазір оқу мәдениеті төмендеп кетті. Мәселен, Еуропа елдерінде қоғамдық орындарда, метроларда кітап, газет оқып отырған адамдарды жиі кездестіресіз. Бұл – оқитын адамның мәдениеті жоғары болады деген сөз.

Бізде кітап сыйлау, газетке жазылу үрдіске айналуға тиіс. Оқырманның сұранысын қанағаттандыратын мақалалар болуы керек. Аймақтық, республикалық басылымдар елдегі өткір мәселелерді көтеріп, соның шешу жолдарын ұсына білуі қажет. Сынауға бармыз, бірақ ұсыныс білдіріп, кем-кетігін жөндеуге деген құлшыныс жоқ.

Жалпы журналистикада өз кәсібіне қиянат жасамайтындар, мамандығына адалдар жүруі керек. Газет, сайт ашып алып, оны «инфокиллер» сияқты «тапаншаға» айналдыруға, жеке басқа пайдалануға болмайды. Осының кесірінен журналистиканың ықпалы әлсіреп, журналистің мәртебесі төмендеді, – деді ол.

ОЗЫҚ ӨҢІРЛЕРДЕГІ ТӘЖІРИБЕНІ ҚОЛДАНУ КЕРЕК

Форумды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қорытындылады. Өңірлік мерзімді басылымдардың жұмысын арттыру мәселелеріне тоқталды.

«Екі күн бойы жақсы жиын өтті, әртүрлі тақырыптар талқыланды. Дәстүрлі медианы біз әрқашан қолдауға әзірміз.  Журналистиканың отымен кіріп, күлінен шыққан журналистерге министрлік атынан және өз атымнан ризашылығымды білдіргім келеді. Өңірлердің арасында тәжірибе алмасу болды деп ойлаймын. Озық өңірлердегі тәжірибені қолдану барысында әкімшіліктен қолдау қажет болса, біз сол әкімдіктермен сөйлесуге дайынбыз» деді Дархан Қыдырәлі.

Осы ретте министрге орыс тілінде жарияланатын БАҚ-тың болашағы туралы сұрақ қойылды. Министр Қазақстандағы әртүрлі тілде шығатын газеттердің барлығына бірдей көзқарас болатынын атап өтті.

Форум барысында министр Қызылорда облысындағы бастамаларды, оның ішінде «Сыр медиа» ЖШС жүргізіп отырған тәжірибені бөлісу жөнінде ой тастады.

Жалпы, елордада екі күнге созылған өңірлік мерзімді басылымдар форумы қазақ баспасөзінің бүгінгі тағдыры үшін аз қозғау болған жоқ. Бүгінгі серпін ертеңгі жемісіне айналсын деп тарқастық.

Форум дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ.

Қуат Шарабидинов,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Астана-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<