Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 ардагер бар

421

0

Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыста болған 665 ардагер бар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 665 ардагері, сондай-ақ басқа санаттағы 113 мың 555 азамат (Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 74 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 221 адам; ҰОС қайтыс болған мүгедектердің әйелдері (күйеулері) – 2 296 адам; ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлері – 10 адам; тыл еңбеккерлері – 89 385 адам; ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер– 21 569 адам) тұрып жатыр», – деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда Е. Әукенов Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан барша Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады.

«Әрбір адамның борышы – өз елінің өткенін білу және құрметтеу, барлық ұрпақтың жарқын болашағы жолында Жеңіске жету үшін майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау. Соғыс кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамдар құрылды», – деді Ерлан Әукенов.

«Жауынгерлік еңбегі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі мәрте Батыр атанды, 110 қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіске жету жолында қасық қаны қалғанша күресіп, өмірін қиды – ұрыстарда қаза тапты, жаралар мен аурулардан көз жұмды, хабар-ошарсыз кетті. 630 мың адам тұтқыннан оралмады», – деді вице-министр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз