Telegram қолданушылары биыл қарашада балалар жаппай ауыра бастайды, оған мектептер мен балабақшаларда азот оксиді мен бериллий шашу себеп болады деген ақпарат таратып жатыр. Бұл ата-ананы балаларға коронавирусқа қарсы екпе салғызуына мәжбүрлеу үшін жасалады делінген, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі StopFake.kz басылымына сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды.
«Бұл жалған ақпарат. Қазіргі уақытта мектептерде коронавирусты таратпау бойынша барлық шара қабылданған. 379 540 педагог пен мектеп қызметкерлері вакцина салығызды. Бұл барлық орта білім беру қызметкерлерінің 96 пайызы. Оқушылар арасында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шаралар алгоритмі әзірленді», – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Сондай-ақ, ол көрінеу жалған ақпарат таратушылар ҚР ҚК-ның 274-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын еске салды. Яғни, бұл бап бойынша 3 мың АЕК мөлшеріне дейінгі айыппұл салу түріндегі жауапкершілік, 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Портал мәліметінше, азот оксидін көзге көрінбейтіндей шашу мүмкін емес. Азот оксиді – өткір иісі бар қызыл-қоңыр, кейде қызғылт сары газ. Оны байқамау мүмкін емес.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<