Қоғам қайраткеріне құрмет

684

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоғам қайраткері, еңбек ардагері Ибрагим Әбибуллаевты 75 жасқа толуына орай Сыр жұртшылығы атынан құттықтады.

Басқосуға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев, еңбек ардегерлері Жарылқасын Шәріпов, Әбдіғаппар Әмірғалиев пен қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов қатысты.

Аймақ басшысы «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Ибрагим Әбибуллаевтың Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан еңбегін атап өтіп, Құрмет грамотасын табыстады. Қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

– Ибрагим Сражадинұлы ел басқарудағы іскерлігінің, кәсіби шеберлігінің, тиянақтылығының арқасында халықтың әл-ауқатын көтеруде мемлекеттік саясатты сәтті жүзеге асыра білді. Облыстың орман, аң, балық шаруашылығы, табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасына басшылық жасаған жылдары біршама жаңа өзгерістер енгізді.

Ибрагим Сражадинұлы Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егуді жалғастырып, барлық аудан орталықтарынан көшет өсіретін питомниктер ашты. Қазір барлық аудан соның игілігін көріп отыр. Арал мен каналдардың проблемасын Үкіметтік деңгейде көтеріп, миллиардтаған қаржы бөлінуіне белсене атсалысты.

Бұл Сіздің билік пен халық сеніп тапсырған қызметтің жауапкершілігін сезініп, бар күш-жігеріңізді елге, туған жерге арнағаныңызды көрсетеді. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат.

Сізді мерейлі жасыңызбен тағы да құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.

Кездесуде облыстың зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мерейтой иесінің еңбек жолынан естеліктер айтып, құттықтауларын жеткізді.

Ибрагим Әбибуллаев еңбек жолын туған жері – Жамбыл атындағы совхозда қатардағы механик болып бастап, Сырдария аудандық партия комитетінде нұсқаушы, совхоз директоры, Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, Тәуелсіздіктің алғашқы қалыптасу жолында Жаңақорған ауданының тұңғыш әкімі, одан кейінгі жылдары Шиелі, Сырдария аудандарының әкімі, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор еңбек сіңірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<