Қоғамдық кеңес ұсыныстар жолдады

577

0

«Nur Otan» партиясы жанындағы экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда Қызылорда қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары мен зиян көрген кәсіпкерлерге өтемақы төлену барысы туралы мәселелер қаралды.

Тәртіпсіздік салдарынан бірқатар  әкімшілік және кәсіпкерлік ғимараттар зиян шекті. Облыс әкімінің және аумақтық коменданттың бұйрықтарына сәйкес облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына тиісті тапсырмалар беріліп, бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салауат Құлмахан хабарлама жасады. Оның айтуынша, өңірлік кәсіпкерлер палатасы тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімін жасап, Қызылорда қаласы  бойынша 20 кәсіпкерлік субъектісінен жалпы 30 нысанға 404,1 млн теңге көлемінде залал келгендігі жөнінде арыз қараған. Мәселен, «Компас», «Синойл», «Газ энерджи» жанар-жағармай бекеттері, «Бірлік», «Аль-асад», «Смол» және өзге де сауда үйлері, ломбард, «Киви» терминалдары, сондай-ақ, өндіріс және қызмет көрсету орындары бүлініп, тоналған.

Бұл кәсіпкерлік нысандардың нақты шығынын анықтау және арнайы комиссияның қарауына шығару үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Алдағы уақытта құжаттарды комиссия қарауына ұсыну шығындарды өтеу жұмыстары үкіметтік комиссия хаттамасымен бекітілген алгоритм аясында жүргізілетін болады, – дейді директор орынбасары.

Онлайн өткен жиында кәсіпкерлік және туризм басқармасы, облыстық  жұмылдыру дайындығы, қаржы басқармасы және облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшылары мен орынбасарлары да сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Басқарма басшыларының хабарламасы мұқият назарға алынып, комиссия және фракция мүшелері тарапынан ұсыныстар айтылды. Атап айтсақ, фракция мүшелері жаппай келеңсіздіктер кезінде зардап шеккен жеке азаматтардың шығындарының өтелуін назардан тыс қалдырмауды, әрбір атқарылған істің бұқара халыққа жеткізілуін ұйымдастыруды  айтты. Барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті органдарға жолданатын болды.

Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Қожахмет Ілиясов  кеңес мүшелері мен жауапты басқарма басшыларын Президент бастамаларын қолдап, берілген тапсырмалардың толыққанды және сапалы жүргізілуін жүзеге асыруға шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<