Қытай цифрлық экономиканы қолдауды күшейтпек

298

0

Фото: Тимур Дюсекеев/Kazinform

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі (үкімет) цифрлық экономиканың сапалы дамуын қолдаудың жаңа шараларын әзірлейтін болады. Бұл туралы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының ағымдағы сессиясындағы үкімет баяндамасында айтылды.

«Біз цифрлық экономиканың сапалы дамуын қолдау шараларын әзірлеуге, цифрлық ресурстарды индустрияландыруға және өнеркәсіпті цифрландыруға белсенді түрде жәрдемдесуге, цифрлық технологиялардың экономиканың нақты секторына терең интеграциялануына ықпал етуіміз керек», – делінген хабарламада.

Құжатта «Жасанды интеллект плюс» әрекет жоспарын жүзеге асыру және халықаралық бәсекеге қабілетті цифрлық сала кластерлерін құру қажеттілігі айтылады.

2022 жылы Қытайдың цифрлық экономикасы 50 триллион юаньнан асты. Ал, Қытайдың жалпы ішкі өніміндегі цифрлық экономиканың үлесі 40 пайыздан асты.

«Екі сессия» аясында Қытайдың бірқатар провинцияларынан келген делегациялар ел аймақтарының цифрлық экономикасын одан әрі дамыту мәселесін көтерді. Қытайдың цифрлық экономиканы дамытудағы көшбасшыларының бірі — Шығыс Қытайдың Шаньдун провинциясы. 2023 жылдың соңында бұл провинцияның ЖІӨ-дегі цифрлық экономиканың үлесі 47%-дан асты, жергілікті билік 2025 жылға қарай оның үлесін 50%-дан асыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні Шаньдун провинциясында аймақтың барлық қалалары мен ауылдарын қамтитын 200 мыңнан астам 5G базалық станциялары орналастырылды.

2023 жылдың соңында 100 миллионнан астам халқы бар Шаньдун провинциясының жалпы ішкі өнімі 9,21 триллион юанды (1,28 триллион доллар) құрады.

Естеріңізге сала кетейік, Бейжіңде 14-ші Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының 2-сессиясы өтіп жатыр, ол 11 наурызда аяқталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<