Қызылорда негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша көшбасында

332

0

Кеше  ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Селекторлық жиында 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы баяндалды.

Отырысқа министрлер мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысып, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік орган басшылары баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қызылорда өңірі негізгі капиталға салынған инвестиция қарқыны бойынша республикада І орында екенін атап өтті. Ведомство басшысы басқа да салалар бойынша Сыр өңірі алдыңғы көрсеткіштерге қол жеткізгенін мәлімдеді.

Жиында Үкімет басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы қалыпты даму қарқынын сақтап қалғанын атап өтіп, бірқатар тапсырмалар берді.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы қалыпты даму қарқынын сақтап қалған. Барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында өсім байқалады»  деді Ә.Смайылов.

Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов және Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өз салалары бойынша жыл қорытындысын ұсынды.

Мұнан бөлек, жиында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр алдағы егін егу маусымы қарсаңында жанар-жағармай тапшылығын тудырмас үшін ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін дизель отынымен қазірден бастап қамтамасыз етуді ұсынды.

Үкімет тапсырмаларын орындау бойынша селекторлық жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев экономикалық өсімді қалыптастыру бағытында және бөлінген қаражатты уақытылы әрі мақсатқа сай игеру бойынша қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Өткен жылды жақсы нәтижелермен қорытындыладық, аймағымыз әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша республикада алдыңғы қатарда. Биыл да жұмыс қарқынын төмендетпей, межелі міндеттерді уақытылы орындау керек. Әсіресе, инвестиция тарту көлемін одан әрі ұлғайтып, жаңа жобаларды ұсыну қажет. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына және қала, аудан әкімдеріне «Байқоңыр» ӘКК-мен бірлесіп облыстағы әрбір өнеркәсіп нысаны бойынша егжей-тегжейлі талдау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесімен облыстың өнеркәсіп өндірісінде, өңдеу өнеркәсібінде оң тенденция қамтамасыз етудің нақты ұсыныстарын енгізуді тапсырамын» деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі ауа райының салқындауына байланысты аймақ бойынша барлық әлеуметтік нысандарда отын қорының жеткілікті болуын, жанар-жағармай қорының сақталуын бақылауда ұстауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<