Республикалық кезеңге жолдама алды

866

0

Әйтеке би кентіндегі Бердікен Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия – аудан орталығындағы іргелі білім ордасының бірі. Мектеп ұжымы мен оқушыларының бағындырған белестері де ауыз толтырып айтарлықтай. Бұған дейін республикалық «Алтын сақа» олимпиадасының аудандық кезеңінде №226 мектеп-гимназиясының оқушылары жақсы нәтижеге жеткен болатын. Ал Қызылорда қаласында өткен облыстық оқушылар олимпиадасында жоғары жетістікті бағындырды. Атап айтқанда, 4-сынып оқушысы Еркеайым Дарханқызы (жетекшісі Орынкүл Шүйіншалиева), 3-сынып оқушысы Әмза Нұрлыхан (жетекшісі Айжамал Имбетова) 1-орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды.

Сондай-ақ, 3-сынып оқушысы Ұлықпан Нұрәли (жетекшісі Айжамал Имбетова), 4- сынып оқушысы Әмірхан Әзім (жетекшісі Кенжебай Гүлшат) 3-орынды қанжығасына байлады.

– «Алтын сақа» олимпиадасы «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің бастамасымен, «Астана Дарыны» орталығының қолдауы арқасында 2016 жылы алғаш рет Астана қаласында ұйымдастырылып, қазіргі таңда өзіндік орны бар республикалық олимпиадаға айналды. Бұл білім бәсекесі 3-4 және 5-6 сыныптар арасында өтеді.

Олимпиада мақсаты – мектеп оқушыларының білім деңгейін көтеру, математика пәніне қызығушылығы бар оқушыларды анықтап, резерв топтарын қалыптастыру негізінде республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындау.

Республикалық «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының жұмыс жасағанына 10 жыл толды. Оқу орталығы жақында облысымызда ашылды. Егер балаңызды жазғы демалыста математикадан дайындағыңыз келсе, оқу орталығына барып тест тапсыруға болады. Тест сұрақтарына 100 пайыз жауап берсеңіз оқу тегін. 50 пайыз жауап берсеңіз оқу ақысының жартысын төлеп оқуға болады. Бұл тамаша мүмкіндік, – дейді ұстаздар.

Айта кетерлігі, жүлдегерлер мен жеңімпаздарды №226 мектеп-гимназияның ұстаздары мен оқушылары гүл шоғымен қарсы алып, қошемет көрсетті.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<