Сапаға сын болмауы тиіс

460

0

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қармақшы ауданында бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.

Алдымен, Ақай ауылдық округінде салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын көрді. Мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын ескерте отырып, шартта көрсетілген мерзімде аяқтауды әрі сапалы орындауды жүктеді.

Сонымен қатар Мархабат Жайымбетұлы Байқоңыр қаласына іргелес орналасқан Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіне тартылған табиғи газдың құрылыс жұмыстарын да бақылады.

Мұнан соң, кенттегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 640 орындық №85 орта мектепте болып, жауапты тұлғаларға жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалу қажеттігін ескертті.

Облыс әкімінің орынбасары Қармақшы ауданына жұмыс сапарында  Байқоңыр қаласындағы құрылысы жүріп жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің жағдайы да қаперге алынды. Көпқабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда.

Мархабат Жайымбетұлы Жосалы кентіндегі «Қазақ хандығы» аллеясында «Бiрге – таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілікке қатысып, тал көшетін отырғызды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасымен №121 орта мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалады.

Іссапар барысында қысқы жылу беру маусымына дайындық бойынша көмір тасымалдаушы жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өтіп, халыққа қатты отынды қолжетімді бағада ұсыну, тапшылықты болдырмау мәселелері пысықталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<