Сақтық шаралары маңызды

800

0

Көктем-жаз айлары – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидахуалы күрделенетін кезең. Кенелердің жаппай табиғатқа шығу уақыты қыс айларының жылы болуына  байланысты  наурыз айынан басталды. Қауіпті дерттен тұрғындарды сақтандырып,  алдын алу үшін ақпараттандыру жұмыстарын күшейтудің маңызы зор.

Табиғатта, таза ауада тынығушыларға, саяжайда жұмыс жасаушыларға, малды күтіп-баптаушыларға, жеміс-жидек терушілерге абай болуын ескертеміз. Кенеден қауіп сәуір айынан қазан айына дейін созылады.

Табиғат аясына демалуға, балық аулауға барғанда, саяжайларда жұмыс істегенде сақтанудың қарапайым шараларына ерекше назар аудару керек. Табиғат аясына барғанда жеңі ұзын, ашық түсті көйлек киіп, жағасын, жеңін түймелеп, етегін шалбарға салып, шалбардың балағын шұлыққа немесе аяқ киімнің ішіне салып, басқа орамал байлау керек. «Тайга», «Лесная» сияқты майлы заттарды қолдану қажет, сонымен қатар өткір иісті әтір сулар мен дезодарантты да сеуіп алуға болады. «Креолин» және «Лизол» сияқты май дәрілерінің ерітінділерін түнде жататын жерді, мал қораларды өңдеуге қолданған жөн.

Дененің ашық жерлеріне, киімге кенені жолатпайтын заттарды («ОФФ», «Тайга», «Лесная»  «Антиклещ-Пикник», «ДЭТА» және т.б.) репелленттерді жағу керек. Сондай-ақ әрбір 2-3 сағат сайын киімді, желке мен құлақтың тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият қарап жабысқан кене болса, абайлап алған жөн. Табиғатқа демалуға достарыңызбен барғанда, қалың шөбі, бұтасы аз, күннің көзі көп түсетін ашық жерлерге жайғасу керек.

Кененің адамдарға ең көп шабуылдайтын уақыты таңғы сағат 8-ден 11-ге дейін және кешкі сағат 17-мен 20-ның аралығы. Күн ыстықта 11-ден 17-ге дейін белсенділігі төмендей түседі. Кенелер химиялық заттардың иісіне өте сезімтал келеді. Жоғарыда аталған табиғи ерекшеліктерін есте сақтаған дұрыс.

Қадалған кенені жіптен жасалған ілмекпен немесе пинцеттің көмегімен мыжымай, еппен қысып ұстап қатты арлы-берлі қозғалтпай, жылдам алып тастаған жөн. Алынған кенені ыдысқа салып сараптама орталығына апарып, тексертіп алған дұрыс. Ыстық суға салып немесе жанып жатқан отқа өртеу керек.

Жәмила МАХМУТОВА,

№4 қалалық емхананың салауатты өмір

 салтын қалыптастыру маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<