Сенбіде президент ант береді

614

0

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс өткізілген президент сайлауының нақты қорытындысын жариялады. Сайлаушылардың 81,31 пайыз сеніміне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тіркелді. Осылайша жаңадан сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент ретінде 26 қараша күні ант береді.

Бұл туралы мәлімдеген орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров аса маңызды саяси додада Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы дауыс бергенін жеткізіп, өзге де үміткерлер жинаған дауыс көрсеткішін айтты. Бұл ретте елдегі сайлаушылардың 271 мың 641-і (3,42 пайыз) Жигули Дайрабаевқа, 206 мың 206 (2,6 пайыз) адам Қарақат Әбденге, 200 мың 907 (2,53 пайыз) сайлаушы Мейрам Қажыкенге, 176 мың 116 азамат (2,22 пайыз) Нұрлан Әуесбаевқа және 168 мың 731 сайлаушы (2,12 пайыз) Салтанат Тұрсынбековаға таңдау жасаған. Ал осы жолы енгізілген «Бәріне қарсымын» бағанын 460 мың 484 (5,8 пайыз) сайлаушы белгілеп отыр.

«Сайлаудың алдын ала қорытындылары ресми келіп түскен хаттамалармен расталды. Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңының 9-бабы 1-тармағына, 65-бабына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайыздан астамының даусын алған кандидат республика президенті болып саналады. Осылайша, 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды», деді Нұрлан Әбдіров.

Жалпы еліміз бойынша сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құраған. Оның 69,44 пайызы, яғни, 8 млн 300 мың 46 адам дауыс берген. Сайлау күні президенттікке үміткерлердің 11 мыңнан аса сенімді өкілдері, халықаралық ұйымдардың 641, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушылары сайлау барысын бақылаған. Сонымен қатар, осы саяси науқанда БАҚ өкілдерінің белсенділігі де көрінді. Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық, 23 елден 41 шетелдік ақпарат құралдарының аккредиттелген өкілдері тынымсыз ақпарат таратып отырған.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы президент сайлауы ұлттық заңнама мен халықаралық міндеттемелерге сай жүзеге асырылды деп атап өтті.

«Байқаушылар мен сарапшылар сайлаушылардың азаматтық ұстанымы мен электораттық белсенділігін көрсетіп қана қоймай, елдің мүддесі мен болашағы үшін жауапкершілік танытқанын, сондай-ақ, саяси науқанның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығы мен технологиялық жаңалықтар енгізе білгенін ерекше атап көрсетті» деп толықтырды Нұрлан Әбдіров.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<