Сенім грамоталарын қабылдады

237

0

«Ақорда» резиденциясында тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Сенім грамоталарын Кипр Республикасының елшісі Петрос Накузис, Жапония елшісі Ясумаса Ииджима, Қытай Халық Республикасының елшісі Хань Чуньлинь, Австрия Республикасының ел­шісі Андреа Бахер, Буркина-Фасо елшісі Аристид Рапугдондба Людовик Тапсоба, Лаос Халық Демократиялық Республикасының елшісі Сипхандон Ойбуабудди, Жаңа Зеландия елшісі Марк Джулиан Трейнор, Дания Корольдігінің елшісі Йеспер Вар, Словения Республикасының елшісі Аленка Сухадолник табыстады.

Президент еліміз жаһандық және өңірлік деңгейдегі тыныштық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бейбітсүйгіш саясат ұстанатынын жеткізді. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты бағдары.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан әлемдік ауқымдағы іс-шаралар мен кездесулерге ұйытқы бола отырып, халықаралық аренадағы белсенді ойыншыға айналды. Өңірдегі ірі эконо­ми­касы бар ел ретінде түрлі мемлекеттерден инвес­тицияны көптеп тартып отыр. Сондай-ақ Қазақстан нарығы экономикалық ынтымақтастыққа ашық.

Кездесу соңында Президент елшілердің ресми түрде дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттер басшыларына ыстық ықыласын жеткізді.

Көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Болу провинциясында орналасқан Карталкая тау шаңғысы орталығында болған өрт салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және  өзінің атынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2025 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады. Сонымен қатар Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңірдің әкімдері баяндама жасайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<