Шиелі ауданының әкімі ауылдық округ тұрғындарымен кездесті

488

0

Өткен аптаның аяғында аудан әкімі Нұржан Ахатов аудандық мәслихат депутаттарымен және дербес бөлім басшыларымен бірге Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл, Иіркөл, Жаңатұрмыс, Бәйтерек, Қарғалы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Алдымен, аудан әкімі тұрғындарға өткен тоқсандағы кездесулерде айтылған жобалардың аймақ басшысының қолдауымен бүгінде 90 пайызы қолдау тауып, тиісті қаражаттары бөлінгендігін және барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Шиелі ауданы көш бастап тұрғанын айтты. Сондай-ақ, жетістіктермен қатар кемшіліктерге де тоқталып, әсіресе білім саласындағы олқылықтарды атап өтіп, ұстаздар мен ата-аналардың бала тәрбиесіне аса мән беру керектігін сөз етті. ​ ​

Талаптан елді мекенінде өткен кездесу барысында тұрғындар жыл басында ауылға қойылған трансформатор үшін алғысын айтып, «көшелерге асфальт төселсе, кенеге қарсы улау жұыстары жүргізілсе, мия тамырын қазумен айналысатын азаматтарға тоқтам болса», деген ұсыныстарын айтты.

Ауыл көшелеріне асфальт жабындысын төсеу мәселесіне қатысты аудан әкімі «Биыл 6 бірдей көшеге асфальт төселетін болады. Бұл үлкен қуаныш. Алдағы уақытта өзге көшелерге де асфальт төсеу жолдарын қарастыратын боламыз», деді. Кенені улауға қатысты аудан басшысы ауылдың қолайсыз елді мекендер қатарына жатпайтындығын, дегенмен мамандарға ескертіп, қайта тексеріс жұмыстарын жүргізуде тапсыратынын айтты. Мия тамырын қазушы азаматтарға қатысты тұрғындар тарапынан заңсыз мия тамырын қазу жағдайларына куә болғанда 102 нөмеріне хабарласу керектігін ескертті.

Бәйгеқұм елді мекеніндегі халықпен кездесу барысында Нұржан Сәбитұлы ауылға тиесілі Ханқожа көлі маңынан тұрғындар тегін тынығуы үшін арнайы жер дайындап, жағажай ашуды көздеп отырғандығын айтты. Өз кезегінде тұрғындар бұл жаңалыққа қуанышты екендіктерін жеткізіп, жуырда ауыл мектебіне берілген жаңа автобус үшін алғыстарын жеткізді.

Жөлек ауылдық округіндегі халықпен кездесуде тұрғындар «балалар ойын алаңы мен балабақша ғимараты салынса, қосымша трансформатор берлісе, қоғамдық көлік мәселесі шешілсе» деп, ұсыныс білдірді. Аудан әкімі трансформатор мәселесі шешілетіндігін, ал ауылға қатынайтын қоғамдық көлік жуырда әлеуметтік маңыздағы бағыт деп танылып, арнайы субсидия көмегімен қайта жүретіндігін айтты. Балабақша мәселесіне қатысты ауыл әкімі қазіргі таңда 90 орындық балабақша жобасын дайындап жатқандығын, қолдау тапса алдағы уақытта салынатынын жеткізді. ​ ​

Ортақшыл елді мекенінде ашық аспан астында өткен кездесуде ауыл тұрғындары «Мектептегі шағын орталықтың жабылу қауіпі бар. Жабылса, 10-нан астам азамат жұмыссыз қалады. Осы мәселенің оң шешімін табуына көмектессеңіз» деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ, жаңадан тағайындалған мектеп директоры мектеп ғимаратының салынғанан бері күрделі жөндеу көрмегендігін тілге тиек етіп, ұсыныс айтты. Аудан әкімі аталған мәселелердің шешімін табуы үшін білім бөлімінің басшысымен тиісті жұмыстар жасауға уәде етті.

Иіркөл ауылдық округінде тұрғындар негізінен ауылдың қоқыс полигонын ретке келтіру, учаскелік полицейге қызметтік көлік беру секілді мәселелерді көтерді. Алғашқысына қатысты ауыл әкімі жауап беріп, «Полигонды ретке келтіру үшін биіктігі 3 метр болатын қоршаулар орнатылмақ, қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау үшін байқау жарияланып отыр», деді.

Жаңатұрмыс елді мекеніндегі кездесу жаңадан салынып жатқан 250 орындық мектеп ғимаратында өткізілді. Кездесу барысында ауыл ақсақалдары елді мекенге ыза судың зиянын тигізіп жатқандығын айтып, бірнеше жерден дренаждар қазып беруді сұрады. Нұржан Ахатов бұл мәселеге қатысты «Шиелі сушаруашылығы» мекемесінің басшысы Дихан Әубәкіровпен бірге жұмыс жасалатындығын айтып, зерттеуге уәде берді.

Бәйтерек елді мекенінде өткен халықпен кездесуде де бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтар болсақ, тұрғындар ауыл мектебіне қосымша құрылыстың қажеттілігін, көшелерге орташа жөндеу жұмыстары керек екендігін жеткізді. Сондай-ақ, жарық желілерінің тозығы жеткендігін айтып, бұл мәселеге қатысты аудан әкімі «2024 жылы 6 ауылда толықтай жарық желілерін ауыстыруды көздеп отырмыз. Сол тізімде Бәйтерек ауылы да бар» деді.

Қарғалы ауылындағы халықпен кездесуге тоқталар болсақ, ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдері толатындықтарын айтып, алғыс білдірді. Сондай-ақ, ауылға аяқ су келетін «Күркіреуік» каналын қазу, табанын бетондау жұмыстарының баяулағанына алаңдаулы екендіктерін жеткізді. Нұржан Сәбитұлы бұл мәселе бойынша «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық Атом Компаниясына қарасты «Қызылқұм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хабарласып, мән-жайды анықтауға уәде етті. Әрі канал басына ауыл ақсақалдарымен арнайы барып, жұмыстың барысын көрді.Нәтижесінде, жұмыстар толық аяқталғанша елді мекенді аяқ судан құр қалдырмас үшін «Шиелісушар» өндірістік бөлімшесінің көмегімен «Күркіреуік» каналына жапсарлас орналасқан «К2» каналына насос қондырғыларын орнату арқылы ауылға аяқ су жеткізу жолдары қарастырылатын болды.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<