Шиелі: Жетістік және алдағы меже

302

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен  аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кезекті кеңес Шиелі ауданының алдағы даму бағыты мен аудан әкімі ұсынған жобалар қаралды.

Аймақ басшысы жыл қорытындысында Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай өзгерістер болғанын, әр саланың жетістіктерін, мәселелерді атап өтті.

– Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді сараласақ, Шиелі ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 47,9 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 99,8% игеріліп, Шиелі аудандар бөлінісінде 3-орынға тұрақтады. Өз кірісі 2022 жылы 4,5 млрд теңге болса, 2023 жылы 5,4 млрд теңгеге өскен. Бұған дейін атқарылған жұмыстарды әрі қарай да жүйелі жалғастыру керек, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Былтыр Шиелі ауданында халықпен кездесу кезінде аяқсу, электр желілері және жедел жәрдем көліктерінің ескілігі жөнінде мәселелер қозғалған еді. Аяқсуға байланысты депутаттар, шаруашылық төрағалары, өндіріс орындары басшыларымен бірлесіп, демеушілік арқылы біршама жұмыстар атқарылды.

Шиелі кентіндегі электр желілерін қайта құрылымдаудың І кезеңіне былтыр 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен желілер ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда, аудан орталығының электр желілерінің 42 пайызы жаңаратын болады.

Кенттің электр желілерін қайта құрылымдаудың ІІ кезеңін жүзеге асыру үшін демеушілікпен жоба-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан өткізілуде. Екі кезең толық біткенде 38 мың тұрғын электр энергиясын үздіксіз тұтынады. Сонымен қатар қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 1,5 млрд теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Бидайкөл», «Жиделіарық», Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге бөлінді.

Мұнан бөлек, аудан әкімі 9 елді мекеннің («Алмалы», «Бестам», «Ақмая», «Байсын», Тұрсынбай датқа, «Бәйгеқұм», «Жөлек», Ш.Қодаманов, Ы.Жақаев) электр желілерін жөндеуге демеушілер көмегімен жоба-сметалық құжат әзірленгенін айтты. Сараптамадан өткізілген жобаға қаржы бөлуді сұрады. Ауданның өзекті мәселелерінің бірі ретінде арнайы автокөлікпен қамту жайын да қозғады. Сонымен қатар Нұржан Ахатов «Жансейіт» елді мекеніне 100 орындық мектеп, кенттегі №252 мектепке 375 орындық бастауыш сынып оқитын қосымша құрылыс салудың бюджеттік өтінімдері салалық министрлікке ұсынылғанын айтты. Бұған қоса 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін салу жоспарлануда. Жоба құны – 1 млрд 113 млн теңге. Қазір салалық министрліктермен бірге жұмыс жүргізілуде.

Жаңа 200 орындық лагерьдің орны белгіленді, ол Бәйгеқұм ауылындағы көл жағалауынан 6 гектар жерге салынбақ. Жоба-сметалық құжат әзірлеуге және сараптамадан өткізуге 32 млн теңге қажет. Мұнан бөлек, күрделі жөнделуі тиіс 6 мектептің құжаты демеушілер есебінен әзірленген, сараптамадан өткізу үшін 13 млн теңге облыстық бюджеттен сұралды. Газ жүргізілген елді мекендердегі 9 мектеп пен 6 балабақшаның бу қазандықтарын табиғи газға ауыстыруға демеушілікпен құжат дайындалуда. Нысандар газға қосылса, жылына 54 млн теңгеге дейін бюджет қаржысы үнемделеді.

Кеңесте білім беру саласы бойынша бірқатар мәселе жан-жақты талқыланды. Кейінгі 10 жылда салынған мектептерге күрделі жөндеу жүргізу үшін бюджеттен ақша сұраудың қажеті жоқ. Мәселен, «Бестам» ауылындағы №205 мектептің бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Аймақ басшысы әр құрылысты қабылдап алар кезде мұқият тексеріп, кем-кетігін, талапқа сай болуын қадағалауды аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырды.

– Күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің мемлекеттік сатып алу рәсімдері 25 мамырға дейін өтуі тиіс. Әрбір құрылыс сапалы әрі уақытылы аяқталу керек. Жөндеу жұмыстары оқу процестеріне кері әсерін тигізбеуі тиіс. Балаларды оқу жылы басталарда да, аяқталар тұста та әбігерге салмауымыз керек, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ алдағы уақытта сапасыз құрылыс жүргізген компаниялардың жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Олай болмаған жағдайда заң органдары арқылы мәселе шешіледі.

 Кеңесте ұсынылған жобалар жан-жақты талқыланып, облыстық басқарма басшылары пікір білдірді. Жүзеге асатын мемлекеттік бағдарламалар, құрылыс, инфрақұрылым, жол құрылысы, кәсіпкерлік салаларының ел игілігіне айналатын жобаларының маңызы зор. Айтылған мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға түсіріліп, тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<