Соғыс ардагерін құттықтады

448

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық қарттар күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірахман Бәйтіковтің үйіне барып, майдангерді мерейлі мерекесімен құттықтады.

– Біз өткенімізді өшірмей, елдің бірлігі мен ынтымағы жолында аянбай еңбек еткен ардагерлерімізді әрдайым дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Өйткені, біз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, ақсақалын ардақтаған, салт-дәстүрін салмақтаған жасампаз ұлттың ұрпағымыз. Әркез тағылымды жол көрсеткен аға ұрпақ, Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Осындай бейбіт өмірді асқан ерлікпен алып бердіңіздер. Қарты бар ел – бақытты ел. Небір сын сағаттарда халқына сүйеу, жұртына демеу болып жүрсіздер. Аман болыңыз. Ұрпағыңыз қуанышына бөлесін. Жүз жылдығыңызды тойлайық. Мерекеңіз құтты болсын! – деді облыс әкімі.

Ардагер облыс басшысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Әбдірахман Бәйтіков 1942 жылы Ашхабад қаласында командирлер дайындайтын курсқа оқуға түсіп, аяқталмастан майданға аттанған. 1943 жылы Курск жерінде ауыр жарақат алып, ІІ топ мүгедегі болып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған. Көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының маршалы Г.Жуковтың ІІ дәрежелі медалімен, «Ұлы Жеңістің 40, 55, 60, 70, 75 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Соғыстан оралған соң Комсомол колхозының қой шаруашылығында есепші және зейнет жасына дейін бригадир болып жұмыс атқарған. Бүгінде 9 баладан 30 немере, 6 шөбере сүйіп отыр.

Айта кетейік, осыдан 31 жыл бұрын, яғни 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы 1 қазан – Халықаралық қарттар күні деп жариялаған болатын. Бүгінде облыс көлемінде 76 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оларды жан-жақты әлеуметтік қолдау үшін іс-шаралар жоспары қабылданып, жүзеге асырылуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<