Нақты шешімдер қабылданады

1208

0

Фото: ашық дереккөз

Былтыр облыста жалпы орта білім беретін мектептердің рейтингі жасалды. Онда білім саласы, ҰБТ қорытындысы, оқушылардың олимпиада, ғылыми жоба, спорттық сайыстағы нәтижелері, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың тіркелуі, педагогтардың кәсіби байқаулар мен сайыстардағы жетістігі сарапқа салынды.

– Ашығын айтсақ, рейтинг нәтижесі көңіл көншітерлік емес, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов. – Бұл бойынша облыстағы жалпы білім беретін 275 мектептің 30-ы жоғары деңгейде деп бағаланса, 129-ы орта, 116-ы төмен деңгейде екені анықталды. Нәтижесінде мектептердің 88,7 пайызы орта және төмен деңгейде екеніне көзіміз жетті, яғни, санаулы мектепте тиісті іс-шаралар дұрыс жолға қойылған. Басым бөлігінде жұмыс жоқ деуге негіз бар. Ал 81 мектепте кейінгі үш жылда ұстаздар мен оқушылар облыстық деңгейде бірде-бір нәтиже көрсетпеген. Сондай-ақ, осындай оң нәтиже болмаған 7 мектепте теріс бағыттағы жағдайларға жол берілген.

Басқарма басшысының айтуынша, былтыр облыста 8051 түлек үлкен өмірге қадам басты. Олардың 7340-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 4973 оқушы (77,5 пайызы) грант иегері атанды. Ал биыл 8285 оқушы мектеп бітірсе, олардың 7349-ы ҰБТ-да бақ сынайды деп күтілуде.

– Кейінгі үш жылда бірде-бір олимпиада жүлдегерлері шықпаған мектептер бар. Атап айтқанда, 208 білім беру ошағында осындай жағдай тіркелген. Оған қоса 176 мектеп оқушылардың ғылыми жобасына мүлде қатыспаған. Мемлекет тарапынан білім беру ұйымдарының барлығына бірдеу жағдай жасалуда. Сондықтан бүгінде нәтиже көрсетпеген мектеп басшыларының тиімділігіне бағалау жүргізілуде. Сондай-ақ, лицей, гимназиялардың жұмысына жан-жақты талдау жасалып, нәтижесі төмен мектептердің мәртебесіне байланысты нақты шешімдер қабылданады, – деп толықтырды басқарма басшысы.

2022 жылы халықаралық зерттеу қорытындысымен (24 мектеп, 1 спорт-интернат, 5 колледж) облыс көрсеткіші математикалық сауаттылық пәні бойынша республикалық деңгейден жоғары. Дегенмен оқу сауаттылығы және жаратылыстану көрсеткіші бойынша төмен екені анықталды.

– Осы ретте орта білім беру ұйымдары оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында халықаралық зерттеулердің тест тапсырмасы қамтылған цифрлық платформасына дайындық қолға алынуда. Жоба мақсаты – балалар үшін физика, химия, биология секілді негізгі пәндер бойынша олқылықтардың орнын толтыру үшін қосымша сабақтар ұйымдастыру. Осыған орай екі пәннен қосымша сабақ беру жобасына қатысуға ниет білдірген 2363 баланың тізімі нақтыланды. Жоба биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап жүзеге асырылады, – деді А.Есжанов.

Мұғалімдердің біліктілігін артыру және заманауи технологияларды қолдана білуі оқушылардың білім сапасын жақсартады. Басқарма тарапынан білім беру ұйымдарындағы тәрбие саласына зерделеу жүргізілген. Оның нәтижесі бойынша аталған талаптарға жеткілікті мән берілмегені белгілі болды. Атап айтқанда, тәрбие мамандарының біліктілігін арттыру курстары жүргізілмеген, оларға сала бойынша әдістемелік көмектер берілмеген. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында тәрбие саласына қатысты жоспарлау отырыстары өткізілмеген. Білім мекемелеріндегі тәрбие жоспары 5-10 жыл бұрын қабылданған. Ол бүгінгі күні мәнін жоғалтып, күші жойылған нормативтік актілерді басшылыққа алған күйі қолданылып келген.

Басқарма басшысы жыл басынан бері білім саласында тіркелген бірнеше келеңсіз оқиғалар жөнінде түсініктеме берді. Бұл кемшіліктер бойынша мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қызметінен кеткен.

«СБ» ақпарат   

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<