Қызылорда облысында жасөспірім жоғары сынып оқушыларының соққысынан көз жұмды

201

0

Фото: Видеодан скриншот

Қызылорда облысы Төңкеріс ауылында 9-сыныптың оқушысы көз жұмды. Марқұмның анасы жоғары сыныпта оқитын балалар ұлымды ұрып-соғып, әлімжеттік көрсеткен дейді. Алған ауыр жарақаттан жасөспірім ауруханаға жетпей ажал құшқан.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жалғыз ұлынан айырылған Сәуле Жақсылықова кінәлілердің жазаланғанын талап етеді. Айтуынша, 9-сыныптағы ұлы Ерасыл Төребай өткен сенбіде кешке достарына барамын деп үйінен шығып кеткен. Сол кеште жоғары сыныптағы оқушылар өздерінен кіші балаларды жинап алып, әбден ұрып-соққан дейді. Ауыр соққыдан есінен танып құлаған балам көп ұзамай көз жұмды дейді марқұмның анасы.

«Осындай күйде қалдырып кетті ғой. Жылатып, жалғызымнан айырды. Балалардардың бәрін қатарынан тұрғызып қойып ұрған дейді. Сонда менің балам «Ұрмаңдаршы, менің денсаулығым жоқ. Ұрмаңдаршы» деген. Соны естіп, біліп тұрып ұрған ғой. Ол әдейілеп істеп тұр, қасақана өлтірген», – деді Ерасыл Төребайдың анасы Сәуле Жақсылықова.

Бұл жағдай ауыл тұрғындарын да дүр сілкіндірген. Алайда ауылда мұндай әлімжеттік баяғыдан бар дейді.

«Мектеп директорына неше мәрте бардым. Өзімнің балам бір емес, 2-3 рет таяқ жеді. Соның бәрін мәселе қылып айтсаң, мектеп директоры да, соған қарайтын мамандары да, мектептегі психологы да «соны тергесеңізші» дейді. Сен де ата-анасың ғой, сен де соны қара дейді», – деді Төңкеріс ауылының тұрғыны Алмас Дүйсебаев.

Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Күдікті ретінде 10-сыныптың екі оқушысы қамауға алынған. Тұрғындардың сөзінше, олардың бірі – мектеп директоры орынбасарының баласы. Сондықтан құзырлы орган өкілдері істі жылы жаппай, тергеу әділ өтсе дейді қара жамылған отбасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<