Қызылордада Сәден Нұртаев атындағы республикалық олимпиада өтті

899

0

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы еліміздің білім беру саласында табысты еңбек еткен ардагер-ұстаздарды ұлықтау жұмыстарын жолға қойған.

Егемен еліміздің мәдениеті мен тағылымды тарихын тереңнен танып түгендеу, туған өлкеміздің, ата-бабаларымыздың өткенін білу – әрбір азаматтың парызы. Туған өлкенің тарихын оқушылармен бірлесе зерттеу бағытындағы жұмыстарды 1960 жылдары алғашқылардың бірі болып жүргізген КСРО Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Сәден Нұртаев болатын.

2018 жылдан бері Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институты Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында КСРО Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы республикалық олимпиаданы өткізіп келеді.

Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды-шығармашылық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, оқушылар арасында ғылымға деген қызығушылықты арттыру.

Бүгін Республикалық олимпиада Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте төртінші рет өткізілді. Цифрлық форматта өткізілген олимпиадаға Қызылорда облысы оқушыларымен қатар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының білім беру ұйымдарының 28 үздік оқушылары қатысып, білімдерін ортаға салды.

Білім бәсекесінің республикалық кезеңі 3 тур бойынша өткізілді. Ұпай қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған қатысушылар жеңімпаз және жүлдегер атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, қаржылай сыйақымен марапатталып, олимпиадаға қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді.

Жанар Бержанова,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының зертхана меңгерушісі,

Гүлхаят Махмутова,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының PR, SMM маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<