Су тапшылығы талапты күшейте береді

320

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен кездесу өтті. Жиында вегетация кезеңіндегі болжамды су көлеміне сәйкес егін егу мәселесі талқыланды.

Кездесуге ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, министрліктің және егіске су үнемдеу технологияларын қолдануда тәжірибесі бар кәсіпорындардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың, су шаруашылығы ұйымдарының, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысты. Аудан әкімдері мен ірі шаруа қожалықтарының төрағалары бейнебайланыс арқылы қосылды.

– Аграрлық сала – облыс экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Күріш – аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген негізгі дақылымыз. Соңғы жылдары Сыр диқандары су тапшылығының кері әсерін сезініп келеді. Былтыр вегетация кезінде егісті сумен қамтамасыз ету күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкіметтің қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын алу шаралары қабылданды. Биыл да Сырдария өзеніндегі судың жағдайына қарап, алдағы вегетация кезеңінде тапшылық болатыны болжануда.

Өткен жылы егіс көлемі 4800 гектарға ұлғайтылып, 193 400 гектар жерге егін егілді, 89 мың гектар күріш егістігінің әр гектарынан 56,5 центнерден өнім алынды. Саланы субсидиялауға 14 млрд теңге қаржы бөлініп, 224 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3,7 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына 12 млрд теңге инвестиция салынып, 20 пайызға өсті. Биыл да қолдау шаралары жалғасады, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Облысқа арнайы іссапармен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов саладағы негізгі мәселелерді атап өтіп, шешу жолдарын ұсынды.

– Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі 6 ай ішінде жаңа «Су кодексінің» жобасын әзірлеп, Парламентке қарауға ұсынды. Бұл құжат үш мақсатты көздейді, олар – су тапшылығына қарамастан, ел экономикасына пайда әкелу, тұрғындардың күнделікті жағдайын жасау және экологиялық мәселелерді шешу. Министрлік бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде, ең маңыздысы – суды үнемдеу жолдарын қарастыру. Үкімет су үнемдеу технологияларын енгізетін шаруа қожалықтарын қолдауды ұсынуда. Атап айтқанда, тамшылатып және жаңбырлатып суаруды енгізсе, субсидия 50%-ға дейін, ұңғыма қазса 80%-ға дейін ұлғайтылмақ. Қазір су үнемдеу – аса маңызды мәселе, – деді Нұржан Нұржігітов.

Министр қолға алынып отырған жұмыстардың бірінші бағыты – құқықтық-нормативтік база қалыптастыру екенін айтты. Жаңа Су кодексінде кәріз суларына қатысты мәселелер де қамтылады. Қазір Қазақстан бойынша кәріз суларының көлемі 1 шаршы шақырымды құрайды. Бұл суды тазалап, өнеркәсіп мекемелері немесе ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамды ету қажет. Ол үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан 69 қала 5-7 жылдың ішінде арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ гидротехникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де басым бағыттың бірі болмақ. Гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайы тексеріліп, алдағы 5 жылдың ішінде зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Егер қауіпті жағдайда болса, жөндеуден өтіп, қауіпсіздік декларациясы міндетті түрде алынуы керек. Бүгінде Қазақстан бойынша 472 гидротехникалық құрылыс, 1500-ден астам бөгеттер мен плотиналар бар. Министр бұл бағытта жұмыс өте баяу жүргізіліп жатқанын да назарға алды.

Бұдан бөлек, бассейндік инспекциялардың құзіреті күшейтіліп, бақылау және қадағалау функциялары беріледі. Ол үшін Су кодексіне және Кәсіпкерлік кодекске өзгеріс енгізілуде. Осылайша, бассейндік инспекциялардың штат саны республика бойынша 98 адамнан 242 адамға дейін көбейеді. Бұрын 8 облыста болса, енді ел бойынша жаңадан 17 бөлімше ашылады.

Жалпы суды пайдаланудағы жауапкершілікті күшейту қажет. Жаңа кодексті әзірлеу барысында әлемдік тәжірибе ескерілген. Жаңа қағидаттарға сәйкес, суды пайдалану барысындағы өзгерістер немесе әрбір жаңа бөгет, канал, арық салу үшін арнайы рұқсат алу міндеттеледі. Су тапшылығы мәселесі туындамауы үшін бассейндік инспекция әр өңір бойынша бас жоспарын әзірлейді. Жоспарда қажетті су көлемі белгіленіп, оны пайдалануды инспекция қадағалайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары барысында қаладағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін қозғап, көлік жуу орындары, басқа да кәсіпкерлік нысандарының ауызсуды пайдалануы мәселесін айтқан болатын. Ауызсуды техникалық мақсатта пайдалануды азайту да жаңа кодексте қарастырылған. Кодекс күшіне енген соң екі жылдай уақыт беріледі, сол уақыт ішінде кәсіпкерлер суды қайта пайдалану технологиясын енгізу бойынша жоспарын өткізуі керек. Сондай-ақ бес жылдың ішінде құрал-жабдықтарын міндетті түрде орнатуы тиіс. Жалпы елімізде ауызсуды техникалық мақсатта пайдалану үлесі өте көп. Бұған қатысты салалық министрлік Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлескен шараларды қолға алуда.

Нұржан Нұржігітов болжам бойынша 2040 жылға дейін Қазақстанда су көлемі 12-15 шаршы шақырымға дейін азаятынын да атап өтті. География және су қауіпсіздігі институты мәліметінше, кейінгі 60 жылда, 1960 жылдан бастап Қазақстандағы су көлемі 12,5 шаршы шақырымға азайған. Демек, былтыр Қазақстан бойынша 102 шаршы шақырым су қалыптасқан болса, 1960 жылы ол 115 шаршы шақырым болған. Бұл – бүгінгі күні табиғатта болып жатқан процесс. Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де жағдай осындай. Су көлемі жылдан жылға азая бермек.

Сондықтан су шығынын мейлінше азайту бойынша шаралар қолға алынады. Атап айтсақ, 5 ақпанда Үкіметте су ресурстарын басқарудың 2024-2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Алдын ала барлық облыстарда кешенді жоспар жасалды.

Алдағы уақытта қар, жаңбыр, басқа суларды жинақтау үшін жалпы республика бойынша үлкенді-кішілі 57 су қоймасы салынады. Соның үлкен 20-сы министрлікке тиесілі. Қалғанын жергілікті органдар салады. Ал 20 су қоймасының 10-ы алдағы үш жылда салынуы тиіс. Оның біреуі Түркістан облысында былтыр бітті, екіншісінің құрылысы биыл басталады. Қалған 8 су қоймасының құжаттамасын биылғы бірінші жартыжылдықта бітіру жоспарланған. Оның ішінде Қызылорда облысына тиесілі «Қараөзек» су қоймасы да бар. Құрылыстар аяқталған соң қосымша 2,4 шаршы шақырым су жиналуы тиіс.

Гидротехникалық құрылымдарды күрделі жөндеуден өткізу, ирригация жүйесін қалпына келтіру бағыттары да қарастырылған. Айталық, 133 гидроқұрылымдарды жөндеу көзделген. Бұл жұмыстар қосымша 1,9 шаршы шақырым суды жинап қалуға мүмкіндік береді. Жалпы республика бойынша 32 мың шақырымнан астам ирригация жүйесі бар. Былтыр жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде олардың 14 мың шақырымнан астамы күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталды. Соның ішінде облыстағы «Қызылорда Солтүстік» каналын «Рубикон» Австралия компаниясы жөндеуден өткізеді. 2030 жылға дейін ирригация жүйесі жоспарға сәйкес жөндеуден өтсе, тағы да қосымша 3 шаршы шақырым судың жерге сіңіп кетуіне жол бермейді.

– Тағы бір үлкен бағыт – су үнемдеу технологияларын енгізу. Мемлекет басшысы нақты талап қойып отыр. Жыл сайын 150 мың гектарға дейін тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесін енгізу қажет. Біз оны индикатор ретінде Ауыл шаруашылығы минстрлігімен әр облысқа бөліп бердік. Бұл ретте Қызылорда облысының жағдайын түсінеміз. Күріш көп болған соң бұл индикатор облыс үшін көп болған жоқ. Бар болғаны 3 мың гектар. Басқа облыстарға жылына 22-24 мың гектарға дейін енгізу міндеттелді. Себебі күріштің өзінің ерекше жағдайы бар.

Айта кетерлігі, Үкімет тарапынан жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиясын енгізем деушілерге субсидия бар, 50 пайыз шығынын мемлекет төлеп береді. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге ережеге өзгерістер енгізілуде, алдағы уақытта оның көлемін 80 пайызға жеткізетін боламыз. Сондай-ақ желтоқсаннан бастап егістік жерге ұңғыма қазу үшін субсидия көлемі 50 пайыздан 80 пайызға көтерілді. Бұл – ең маңызды бағыт. Суды үнемдеу технологияларын пайдаланбасақ, су тапшылығы мәселесін шеше алмаймыз, – деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, министр цифрландыру, автоматтандыру мәселесіне де тоқталды. 2026 жылға дейін 3,5 мың шақырым ирригация жүйесіне есеп құралдары қойылуы керек. Бұл да 500-600 млн шаршы метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ағын суға байланысты тарифті реттеу функциясы Су ресурстары және ирригация министрлігіне беріледі. Тарифті реттеу үшін еліміздегі ғылыми-зерттеу институттары жердің құнарлылығы, судың сапасына байланысты зерттеу жүргізетін болады. Осылайша, есептегіш құрылғылар орнатылып, егілетін дақыл мен жердің құнарлылығы ескеріліп, сол нормаға сәйкес су беріледі. Нормадан артық су алынса, оның төлемі де басқаша болады. Бұдан бөлек, Қазақстанда 15 шаршы шақырымнан астам жерасты сулары бар. Бүгінде соның 2 пайызы ғана пайдаланылуда. Бұл да үлкен резерв. Сондықтан салалық министрлік жерасты суларын ауызсу ретінде пайдалану бойынша да шараларды қолға алады.

Жиында облыс әкімі жергілікті шаруа қожалықтарына суармалы суды үнемдеп пайдалану қажеттігін ескертті.

– Өңірдің басты су артериясы – Сырдария трансшекаралық өзені облыстың барлық аумағынан өтеді. Елді мекендердің 85 пайызы, тұрғындардың 93 пайыздан астамы өзен маңында орналасқан. Сыр күріші – аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген негізгі дақылымыз. Сырдарияның 90 пайызынан астам суы республикадан тыс жерлерден келетінін ескерсек, «Арал-Сырдария» бассейнінде ауыр ахуал қалыптасуда. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Түркістан және Қызылорда облыстарында құрғақшылық қаупі туындағанын айтып, су үнемдейтін технологияларды енгізуді тапсырды. Аймақта су тапшылығының алдын алу үшін Үкімет резервінен бөлінген қаржыға өткен жылдары 21 канал тазаланып, 52 ұңғыма қалпына келтірілді. Қосымша 133 дана насос сатып алынды. Арнайы жұмыс топтары құрылып, егістікті кезектесіп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану іске асырылды. Биыл да су алу кезеңіне барлық нысандар толық дайын болуы керек, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімі шаруашылықтардың магистралдық каналдардағы суды есепсіз пайдаланатынын, артық күріш егетінін сынға алды. Жауапты мекемелерге бөлінетін су көлемін қатаң бақылауды тапсырды. Ысырапқа жол беріп, талапқа бағынбайтындар заң аясында жазаға тартылатынын ескертті.

– Облыстың ірі шаруашылықтары ауыспалы егіс тәртібін сақтаудың, атыздарды лазерлік тегістеудің суды үнемдеудегі, өнімділікті көтерудегі тиімділігіне көз жеткізуде. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында көрші елдердің тәжірибесін зерттеп, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырған болатын. Күріш алқабындағы суды үнемдеудің бірден-бір жолы – атыздарды лазерлік тегістеу. Өзбекстан Республикасында ЮНЕСКО-ның «ZEF/UNESCO» жобасы шеңберінде іске асқан ғылыми зерттеулерге талдау жүргізілді. Нәтижесінде суармалы суды 20 пайызға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға болатыны дәлелденді. Бұл әдісті аймағымыздың диқандары 2013 жылдан бері инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы күріш егістігінің 55 пайызына енгізді. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі министрден лазерлік тегістеу әдісін су үнемдеу технологияларының қатарына қосу жөніндегі ұсынысты қолдауды сұрады.

Су тапшылығына байланысты күріш көлемі жыл сайын азаюда. 2028 жылға қарай күріш алқаптары 72 мың гектарға дейін қысқарады. Облыс әкімі атап өткендей, ұсыныстарға қарамастан, өндіріске жаңа технологияларды енгізу өте баяу жүргізілуде. Әзірге ірі шаруашылықтар ғана көшуде. Солардың бірі – «Таң ЛТД» ЖШС. Жиында серіктестік директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев өз тәжірибесімен бөлісті.

– Суға қажеттілік жыл сайын артып келеді. Біз Жапонияда күрішті қалай өсіретінін, қандай технологияны қолданатынын көзбен көру үшін бірнеше рет бардық. Күріш алқаптарының тегістігі бес сантиметр болуы қолайлы деп айтқанымызда, жапон ғалымдары үзілді-кесілді қарсы болды. Олар кедір-бұдыр мүлдем болмауы керек деп санайды. Бұл жағдайда күріш сабағы біркелкі өседі, бұл суды айтарлықтай үнемдейді. Сонымен қатар жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жапонияда тұщы су қымбат және қорлары шектеулі. Сондықтан оны оңтайлы пайдалануға тырысады. Оларда қашыртқы су деген жоқ. 2000 жылдардан бастап біз жапондық әріптестеріміздің тәжірибесін сәтті қолданып келеміз, – деді Имамзада Шағыртаев.

Сондай-ақ озық технологияларды қолдану шағын шаруашылықтар үшін қиын екенін айтты. Себебі қомақты қаржыны қажет етеді. Оған кез келген шаруашылықтың шамасы жете бермейді.

Жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев ауыспалы егіс жоспары бойынша биыл 84 мың гектарға күріш егу жоспарланғанын айтты. Дегенмен, су тапшылығы жағдайын ескере отырып, күріш көлемінің 72,3 мың гектарға дейін қысқаруы болжанып отыр. Сәуірде вегетациялық кезеңге арналған су лимиті бекітілгеннен кейін егіс көлемі қайта қаралуы мүмкін. Күрішті ылғал көп қажет етпейтін азықтық дақылдарға, майлы дақылдарға, жоңышқаға ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ жыл сайын картоп пен көкөніс, жүгері, бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғаюда. Бүгінгі таңда облыстағы барлық егістік алқаптарының жалпы көлемі 286 мың гектарды құрайды, оның 178 мыңы алты массивте орналасқан инженерлік-жоспарланған мелиорацияланған жерлер.

Кездесу барысында аймақтың ауыл шаруашылығы саласына қатысты көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Белгілі болғандай, облыста күні бүгінге дейін «Қазсушар» РМК-на соңғы вегетация кезінде алған суының ақшасын төлемей келген шаруа қожалықтары бар.

Сондай-ақ жиында «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев, «Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Роллан Ахметов, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Балғабаев, «BNK Group» компаниясының құрылтайшысы Ниязәли Бейсенбаев баяндама жасап, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы тәжірибелерін бөлісті.

Жиынға топырақ сапасын жақсартатын ылғал үнемдейтін техника мен органикалық тыңайтқыштарды өндірумен және жеткізумен айналысатын кәсіпкерлер шақырылды. Өзбекстанның «OMAD Start» компаниясы тамшылатып және жаңбырлатып суаруға арналған жабдықтарын, «Soil Solution» ЖШС топырақ ылғалдылығын сақтауға көмектесетін өнімдерін ұсынды.

Жиын соңында облыс әкімі тиісті тапсырмалар берді. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысына ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімін екі есеге арттыру бойынша, агротехнологияларды, минералды тыңайтқыштарды қолдану, тұқым сапасын жақсарту есебінен өнімділікті арттыру бойынша, күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізу, жергілікті жерде су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны мен көлемін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысына бекітілген кестеге сәйкес «Шардара» су қоймасынан берілетін су көлемін қадағалауды, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы облыстағы барлық су шаруашылығы нысандары мен насос қондырғыларын су қабылдау кезеңіне дайындау жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері бірлесе отырып, облысқа бөлінген су көлемін қатаң бақылауда ұстауы, оның ішінде жоспардан тыс егілген дақылдарға су беруді болдырмауы тиіс екені айтылды. Бұдан бөлек, ауыспалы егіс талаптарына сай келмейтін шаруашылықтарды бақылауға алу тапсырылды. Барлық тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жахановқа жүктелді.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада Парламент Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев бастаған депутаттар, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, шаруашылық құрылымдары мен су шаруашылығы мамандарының қатысуымен жаңа «Су кодексі» бойынша көшпелі отырыс өтті.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<