Суицид – қоғамның әлеуметтік-психологиялық мәселесі

1277

0

Фото: ашық дереккөз

Тіршіліктегі басты құндылық – адамның өмірі екені белгілі. Өмір оны аялауға тұрарлықтай үлкен сый екендігі жөніндегі мақаламды психолог маманы ретінде қоғамымыздың әлеуметтік-психологиялық мәселесіне айналған – суицид тақырыбында өрбітпекпін.

Қазіргі таңда көптеген адамдардың күйзеліске ұшырауы, дағдарысқа түсуі, өмір сүру мағынасын жоғалтып,  әлеуметтік – психологиялық жай-күйінің қиындауынан және де бірқатар себептерден туындаған  шешілмес мәселелер әсер етіп (жұмыссыздық, ақша қаражатының жетіспеуі, науқастану және мүгедектік және т. б.) өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқтырады.

Бір адам күніне кем дегенде таныс, бейтаныс 500 адаммен байланысады. Оған әлеуметтік желідегі коммуникацияны қосыңыз, бас-аяғы 700 адам туралы ойланып, жартысынан көбін көріп, ширегімен сөйлеседі. Яғни  700 адам, 700 тағдыр. Бұл тағдырлардың сан қилы өрбейтіні анық. Алайда жалпыға ортақ бір ұғым бар. Ол – барлығының да тағдыр жолында   қиын сәттер мен қуанышты жағдайлар қатар жүретіндігі. Тек әр адам ол құбылысты әрқалай қабылдайды. Бірі қиындыққа тура қараса, екінші біреулер әлсіздік танытып, күйзеліске түсіп кетеді. Кей уақытта мәселені қабылдау процесі қайғылы жағдаймен де аяқталып жатады.

Өз бойындағы күйзелісті жеңу, қайғы-қасіретін жеңілдету  секілді мәселелердің шешімін кейбір адамдар ішімдік ішіп, есірткі пайдаланып, әртүрлі құмар ойындар ойнайдарынан іздеп жатады немесе  өз өмірлеріне зиян келтіреді.  

Өз-өзіне қол жұмсауға бейім адамдардың  барлығы дерлік психикалық тұрғыдан зардап шеккен  жандар. Кез-келген төтенше жағдайдың пайда болуы адамдардың психоэмоционалды  қалпына әсер етпеуі мүмкін емес. Адамдар әдетте, өмірде және қызметтерінде  экстремалды қиын жағдайларға тап болады. Әсіресе, туған-туысқандары   түрлі-жағдайлардан зардап шегіп, жақындарын жоғалтқанда қайғыға батқан адам өзін-өзі және айналасындағыларды кінәлайды.   Мұндай  кезде психологтардың суицидке қарсы атқаратын қызметтері  орасан зор.

Экономикасы басты құндылықта болған біздің әлемімізде қоғамдық сана күн санап құбылып жатқанына куәгерміз. Бұл фактор жалпыға ортақ түсініктерді жоққа шығарып келеді. Бүгін қалыптасқан қағида ертең жоқ. Соның ішінде ересектер психологиясы мамандарды алаңдатып отыр. Деректерге сүйенсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының есептеуінше жыл сайын 800 мыңнан астам адам өз-өзіне қол салады, ал  былтыр Қазақстанда 4,8 мың суицид тіркелген.  .

Себебі, тұрмыстық тауқымет пен отбасылық кикілжіңнің салдарынан өз-өзіне қол жұмсау деректерінің жиілегені  байқалады. Яғни несие, жетіспеушілік т.б. мәселелерді алға қойғанда, өмір құндылықтарын қиындыққа балайды, ең тиімді жол өз-өзіне қол жұмсау деп тұжырымдайды. Қылмыс, нашақорлық, ішімдікке салыну, жөн-жосықсыз қыдыру осы кезден бастау алады. Бұндай қиындыққа тап болған адам психолог маманмен ашық сөйлесе алмауы тағы бір мәселені тудырады. Ондай жағдайда адам кеңесті айналасынан, яғни дос-жаранға жүгінеді. Олардың кеңестері кей уақытта теріс бағытқа бұрып жатады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер де адам психологиясына өз әсерін тигізуде. Ондағы «қызылды-жасылды» жеңіл өмір, жылдам жетістікке шақыратын жарнамалық дүниелер адам санасын улауда. Оңай олжаның болмайтыны белгілі, әлеуметтік тұрмыс әртүрлі болатындығы да анық, көргені өмірінде орын алмағандықтан көп  ересектер өзін кем санауға, жолы болмайтын жанға теңеуге биім болады. Тиісінше, бұл әсерлер күйзеліске алып келеді.

Өзімнің қызметтік тәжірбиемде түйгенім – саналы түрде өмір сүруді тоқтатуға шешім қабылдаған жандармен жұмыс жасау өте күрделі екендігі. Табиғи және техногенді төтенше жағдайлар кезінде көп адамдар физикалық, материалдық тұрғыдан зардап шегумен қатар психологиялық соққы алады.

Эмоционалдық күйзеліске ұшыраған адамдарға көмектесу әркімнің қолынан келеді,  алайда, мамандар мұндай есепте тұрған адамдармен ерекше жұмыс жасауды талап етеді:

– ауыр күйзеліске немесе қиындыққа ұшыраған адамның қауіптілік деңгейін және  жағдайын  бағалау қажет;

– суицидке бейімді адамға көмек көрсету кезінде тұлғамен әнгімелесіп, өте байыппен және ықыласпен тыңдау керек, дұрыс жасамаған іс-әрекет зардап шегушіге кері әсер етуі мүмкін;

-сенімді атмосфераны құру мақсатында әнгімелесуді шынайы өткізген жөн;

– уайым-қайғысын сейілтіп, эмоционалды түрде қолдау көрсету, жұбата білу;

-әнгімелесу барысында суицидке бейімді тұлғаны сендіру қажет;

– қазіргі уақытта ол болып жатқан қиын эмоционалдық-психологиялық жағдай тұрақты емес, уақытша екенін түсіндіру;

-оның өмірі ең улкен құндылық екені, онымен жауапкершіліксіз иелік етуге болмайтынын түсіндіру қажет.

Тағы бір мәселе, қазақ менталитетінде психолог маманға тек психикалық ауытқушылығы бар адамдар ғана жүгінеді деген түсінік қалыптасқан. Осы жансақ пікірді санадан шығарып, маман кеңесіне құлақ асу керек. Суицидтің алдын алу үшін бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жандүниесін түсінуіміз қажет.  Үлкен проблеманың шешімі кішкентай ғана себепте жатыр. Ол –   екі тараптың ашық диалог құруы. Ері мен әйелі, басшысы мен қызметкері, құрбысы мен досы. Өзара тіл табысы алмасаңыздар, түрлі психологиялық көмек көрсететін мекемелер қызметіңізге дайын. Ең басты қағида – мәселенің оң шешімі суицид емес.

Өз-өзіне қол жұмсау тығырықтан шығатын жол емес сол себептен ой мен санада жүрген сан-мың күдіктен, жанды сыздатқан күрделі мәселерден арылуға болатындығын айта келе өткінші нәрсеге бола, уақытша кезіккен қиындықтан – өз жанын қию ауыр жаза, ұмытылмас қасірет екендігін ұмытпайық  дегім келеді. Сондықтан өмірдің  қиындығын да, ауыртпалығын да қабырғаңыз қайыспай көтере білген жөн демекпін.

Өмір болған соң оның белестері, кездесетін кедергілері болатыны баршамызға мәлім. Бірақ, осы кедергілерді өткеруге күш жігеріміз жетпей, жанымызды ауыртатын сәттері аз емес.  Бұндай жағдайларда кәсіби психолг маманға жүгініңіз.

Жазира ДОСАЕВА,

ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» 

ММ Қызылорда облысы бойынша филиал  психологы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<