Сыр өңірінде сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші жоғары

228

0

Үкімет отырысының күн тәртібінде қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау мәселесі талқыланды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің хабарлауынша, бірқатар өңірде, оның ішінде Қызылорда облысында барлық қалалық елді мекендер сапалы ауызсумен толық қамтылған. Ал ауылдық елді мекендердің 98,4 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.

Үкімет отырысының күн тәртібінде қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау мәселесі талқыланды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің хабарлауынша, бірқатар өңірде, оның ішінде Қызылорда облысында барлық қалалық елді мекендер сапалы ауызсумен толық қамтылған. Ал ауылдық елді мекендердің 98,4 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин 4 қала, 230 ауылдық елді мекеннің 204-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылғанын айтты. Биыл тағы 13 жобаны жүзеге асыруға 5,3 млрд теңге қаржы қаралған.

Жиында қалған елді мекендерді таза ауызсумен қамту, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы жүзеге асырылған жобаларды мерзімінде аяқтау мәселелері пысықталды. Облыс әкімі көптеген ауызсу ұңғымалары мен су жинау, тарату жүйелерінің тозғанын айтып, оларды ағымдағы жөндеуден өткізуді, күтіп-ұстау жұмыстарын тұрақты ұйымдастыруды тапсырды. Тұрғындар ауыз суды бақша суаруға, есік алдына шашуға, көлік жууға ретсіз жұмсайды. Сондықтан қала және аудан әкімдері халық арасында үнемшілдік туралы насихат жұмыстарын күшейтуі керек.

ТАЯУДА ҚАН ОРТАЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛАДЫ

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы да қаралған болатын. Ұзақ мерзімді тұжырымдамаға жаңа нысандар салу, ескірген ғимараттарды қайта жаңғырту, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықтау мәселелері енгізілген.

Арнайы мәжілісте облыс әкімі денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіруде қолға алынған, жоспарланған жұмыстарға да тоқталды.

– Қазір аймақта тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, сала инфрақұрылымын жетілдіру кешенді жүргізілуде. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған 11 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне табысталады. Жақын күндері ұлттық жоба аясында Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы басталады. Барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік алынуда. Осы кезге дейін облыстық Қан орталығының жеке ғимараты болмаған. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында сол жағалаудағы жаңа Қан орталығын пайдалануға беріп, медицина ұйымдарына 50 санитарлық автокөлік табыстаймыз, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ жауапты мекеме басшыларына құрылысы қолға алынған, қайта жаңғыртудан, күрделі жөндеуден өтетін нысандардағы жұмыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды тапсырды. Нысандар ең алдымен халыққа ыңғайлы, жайлы болуы тиіс. Мұнан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жаңадан пайдалануға берілетін мекемелерді заманауи, қажетті құрылғылармен толық қамтамасыз ету тапсырылды.

Еске салсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының Досан ауылында жаңа медициналық бекет, Баймұрат батыр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана құрылысы жүргізілуде. Облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқын алды. Биыл 3 млрд 800 млн теңгеге 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады. Сондай-ақ өткен жылы облыстың денсаулық сақтау ұйымдарына 513 млн теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік берілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<