Сыр сахнасында – классика

806

0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры 68-маусымын бастады. Бұл жолы сахна шымылдығы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» қойылымымен түрілді.

Театр ұжымы өткен маусымда А.Жапаровтың «Әйел тағдыры», А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу»,  К.Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметші», Қ.Бегмановтың «Ұр тоқпақ!», Л.Разумовскаяның «ҰБТ кілті», К.Ибраеваның «Шыны керек…», Қ.Бегмановтың «Ер Төстік»,  А.Кашьяптың «Кім?» қойылымдарын сәтті сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ал жаңа маусымда жаңалық көп. Шығармашылық ұжым биыл Ақтау қаласында өтетін «Әбіш әлемі» халықаралық фестиваліне шақырту алса, «Нартайдың бүлдіршіндері» қуыршақ тобы алғаш рет Ақтөбе қаласында өтетін «Ассалаумағалейкум» VI Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге Иран-Ғайып «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты Көрұғлы туралы пьеса жазды. Сондай-ақ, М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясының дайындығы басталды. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Хұсейн Әмір-Темір.

Жаңа маусымның ашылуына сахналанған ұлы драматург У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» шығармасы мәңгілік құндылықтарды әспеттеуімен рухани мұраға айналғаны белгілі. Қазақ әдебиетіндегі «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиқа», «Еңлік-Кебек» сынды туындыларда жырланған мөлдір махаббат, асыл сезім, жастық жалын «Ромео мен Джульеттаға» да тән. Сондықтан Шекспир шығармасы қаншама ғасыр өтсе де, өзектілігін жоймай ұрпақтан ұрпаққа тарап келеді. Әлемдік театрларды былай қойғанда қазақ сахна өнерінде бірнеше нұсқасы жарыққа шыққан туындының көркемдік деңгейі сан алуан спектакльдерге арқау болып, бірнеше режиссерлік қолтаңбамен және жанрлық ерекшеліктерімен қойылып жүр.

Сыр сахнасында бейнеленген қойылымда ер азаматтың нағыз батырлығы, өжет қасиеттері мен іңкәр  сезімнің нәзіктігі анық  көрсетілген. Сахна да сол заманға лайық безендірілген. Режиссер спектакльді сахналамас бұрын жан-жақты ізденіп, көрерменге  жаңаша қырынан көрсетуге тырысқан. Қыз бен жігіттің махаббат жолындағы күресін бейнелеген қойылым ерекше әсерге бөлеп, көрермен қауымға ой салды. Сан түрлі сезімге толы туындыны тамашалағандар қос ғашықтың махаббатына тәнті болды.

Спектакльге бас-аяғы 28 адам қатысты. Бас кейіпкер – Ромеоны Батырхан Амангелдиев пен Нұрсейіт Сыздықбаев сомдады. Ал айдай сұлу Джульеттаны Мәлике Сәбитова мен Жауһар Еркінова ойнады. Сондай-ақ, қойылымда өзінен басқаны көзге ілмейтін Парис, қызуқанды Тибальт, қуақы Бенволио, қызба мінез Меркуцио, салмақты отағасы Монтекки, өмірсүйгіш күтуші, данагөй пірәдардың бейнелері толыққанды әрі нанымды шыққан.

Олардың актерлік шеберлігі қойылымда анық көрінді. Театр артистері сахнадағы керемет декорацияға жан бітіріп, көрермен көзайымына айналды. Айта кетерлігі мұнда ақ пен қара түсті ғана көруге болады. Бұл – жақсылық пен жамандықтың көрінісі. Қойылымның тағы бір ерекшелігі мұндағы киім-кешек заманауи түрде сәнделген. Бастысы Сыр сахнасындағы трагедиялық қойылымды жастарға бағытталған көркем туынды деп толықтай айтуға болады. Аталған спектакль жастарға өз өміріне көз тастап, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік сыйлады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<