Сыр спортының сенімді жолы

746

0

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Ең қымбат байлық – денсаулық кепілі. Қай уақытта да үлкен мәнге ие болған саланың жауапкершілігі де салмақты. «Спорт күні» жетістік пен кемшілік сарапқа түсер өзіндік мәртебесімен әрі алдағы еңбекті таразыға тартар маңыздылығымен ерекше.

– Кейінгі жылдарда өңірде дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылар саны артып келеді, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов бізбен әңгімесінде. – Бүгінде көрсеткіш 31,3 процентке жетіп, спортты серік еткендер 254 мың адамнан асты. Бұл мақсатта 282 спорт нұсқаушы 138 елді мекенде қызмет атқарады. Ауылдық жерлерде 42 мың адамды тұрақты түрде дене шынықтырумен шұғылдануға көңіл бөлінген. Сондай-ақ, облыстың барлық аудан орталығы мен Қызылорда қаласындағы 8 дене шынықтыру-сауықтыру клубтарында салауатты өмір салтын ұстануға көңіл бөлгендер қатары арта түсті.

Биыл аймақта түрлі деңгейдегі сайыстар өткізуге жол ашылды. Осы мақсатта жыл басынан бері 564 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 53 мыңнан астам адам қатысты. Атап айтқанда, балалар-жасөспірімдер спорт мектептері арасында облыс біріншілігі ұйымдас­тырылды. Әуесқойлар арасында жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған республикалық дәстүрлі турнир биыл да жалғасын тапты.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде велоспорттан  елімізден шық­қан тұңғыш әлем чемпионы Марат Сатыбалдиев, ҚР еңбегі сіңген жат­тықтырушы Жетес Сүлейме­нов­тің жүлделеріне арналған респуб­лика­лық турнирлер көпшілік қы­зығу­шылығын туғызып келеді. Ал қазақ күресінен облыстық «Алтын белбеу» жарысы он жылдан бері талай мықты азаматтың танылуына жол ашты. Футболдан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған жарыс та оқушылар арасында кеңінен танымал.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері көптеген спорт түрлерінен 8 Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубогы ұйымдастырылған. Мәселен, жастарымыз самбо, гандбол, спорттық би, велоспорттан бәсеке көрігін қыздырса, ауыр атлетикадан жарыс онлайн жүйеде 2 рет өткізілді. Сондай-ақ, республикалық 20 және облыстық деңгейде  84 біріншілік ұйымдастырылды.

Облыста халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында жақсы жұмыс жасалып келеді. Сол арқылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 спорт кешенінің  құрылысы қолға алынады. Қуанарлығы, «Самұрық» корпоративтік қорының демеушілігімен Қызылорда қаласына қарасты Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы бой көтереді. Бүгінгі күндері «Нұрсәт» теннис орталығы жанынан 4 жабық теннис корты ашылса, байдарка және каноэде есу базасы құрылды.

– Облыста спорт резервін әзірлеу бағытында түрлі мекемелер қызмет атқаруда. Атап айтқанда, олардың қатарында балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық даярлау орталығы және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жас ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеп келеді. Бұл мекемелерде 20 мыңнан астам өрен   спорттың 47 түрімен тегін шұғылданады.

Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, спорт клубтарында дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданатын 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер саны 29 876 адамға жетті. Ол 17,6 процентті құрайды.

Облыс спортшылары ел біріншілігі мен кубоктарында 700 медаль жеңіп алды. Олардың 211-і алтын, 208-і күміс, 281-і қола. Ал әлем және Азия чемпионаттарында түрлі деңгейдегі 47 медальға қол жетті. Нәтижесінде 35 ҚР спорт шебері, 278 ҚР спорт шеберлігіне үміткер, 57  бірінші cпорттық разрядты спортшылар дайындалды, – деді және бір сөзінде басқарма басшысы.

Ақтау қаласында дзюдодан өткен Азия кубогында Мағжан Шамшадин чемпион атанса, Салтанат Сұлтанбекова, Бауыржан Жауынтаев пен Айбек Серікбаев үздік үштікті түйіндеді. Ал Үндістанның Нью-Дели қаласында стенд атудан өткен Әлем кубогында Айжан Досмағамбетова екінші, Максим Коломоец үшінші орынға табан тіреді. Алматы қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионатында Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен алтын алса, әйелдер күресінен Асылзат Сағымбай қола жүлдегер атанды.  Бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионатында Әсел Сағатова, ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Айзада Мүптілда қола жүлдеге қол жеткізді. Пара пауэрлифтингтен Әлем кубогында Станислав Шакиев чемпион атанса, Әлем кубогында Кабира Асқарова үштіктен көрінді. Ал ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионатында Рахат Бекболат пен Айсамал Сансызбаева алтын медаль иеленді. Жекпе-жек сайысынан Әлем чемпионатында Бақытбек Үмбетқұлов қола жүлдегер атанды.

– Жақында ғана аяқталған Токио Олимпиадасында облыс атынан бокстан Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен Дәулет Ниязбеков және каратэ-додан Мөлдір Жаңбырбай ел намысын абыроймен қорғады. Бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Президентіміздің қолынан Қазақ елінің Көк туын алып, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Бұл – біздің Сыр спорты үшін үлкен мақтаныш, – деді басқарма басшысы.

Енді 24 тамыз және 5 қыркүйек аралығында Токио қаласында ХVI жазғы Паралимпиада ойындары өтеді. Онда облыстан Даяна Федосова пара-дзюдо спорт түрінен сынға түседі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<