Тағлымды кездесу

468

0

«Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Сәрсенұлының «Мәртебелі мейман» авторлық жобасы аясында оқу орнымыздың жастары журналист, қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің екі мәрте депутаты Әбдіжәлел Бәкір Қошқарұлымен кездесті.

Мәжіліс депутаты ретінде еліміздегі «БАҚ туралы», «Жарнама туралы», «Тіл туралы» Заңдардың дайындалып, қабылдануына айрықша үлес қосқан, облыстық телеарна төрағасы болып тұрған кезінде үлкен ұжымды біліктілікпен басқарып, шығармашылықтың дамуына ерекше мән берген Әбдіжәлел Қошқарұлы студенттерге «Әлемге танымал тұлға (Мұстафа Шоқай туралы)» тақырыбында дәріс оқыды. Әбдіжәлел Қошқарұлы 1940 жылы 23 қаңтарда Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың әдебиет факультетін үздік дипломмен тәмәмдаған. Еңбек жолын Сырдария ауданының Киров колхозының мектебінде мұғалімдіктен бастап, 1965 жылы Қызылорда қалалық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметімен жалғастырған. Партия, комсомол органдарында әртүрлі жауапты қызметтер атқарған. Соңғы жылдары Ә.Бәкір ХХ ғасырдың басындағы қазақтың қоғамдық санасының жаңа бағытта дамуына орасан зор әсер еткен Алаш қозғалысын зерттеп келеді. 2008 жылы «Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік көзқарастары» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралын дайындаған.

Бүгінгі әлемдік жаһандану жағдайындағы тәуелсіздігіміздің тұғырлы дүниелері – ұлттық мемлекетімізді жетілдіру, ұлтымыздың бәсекеге қабілетті болып қалыптасу үдерісі, мәдени құндылықтарды заман талабына сәйкес дамыта түсу, еліміздің жетекші әлеуметтік күші болып табылатын мемлекеттік тілдің бүгінгі тағдырлы мәселелері Әбдіжәлел Бәкірдің тұрақты ғылыми назарында. Бөлісер білім кені көп ғалым ағаның дәрісін ұйып тыңдаған жастар кеш барысында өз сұрақтарына тарихты тереңінен толқытқан тұшымды жауаптар алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<