Талғам және тамақтану мәдениеті

2416

0

Жеке кәсіпкер Мейрамкүл Өтешова көпшілікке дұрыс тамақтану мәдениетін үйрету және дене қозғалысының адам өмірін ұзартуда маңызы зор екенін түсіндіру мақсатында кешен ашты.  Оған қазірдің өзінде келушілер қатары қалың. Ол 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Адам ағзасына пайдалы өнімдер мен сусындарды осы жерден табасың. Одан бөлек физикалық жаттығулар жасайсың. Бұл бір жағынан денсаулыққа пайдалы болса, екіншіден стрестен арылтып, мінез-құлықтың жақсаруына септігін тигізеді. Қазір жастар арасында түрлі келеңсіздіктер көбейіп жатыр. Мұнда осылардың алдын алмақ. Жеміс-жидек, өңделген өнім, қант қосылған тәттілерге қарағанда әлдеқайда жақсы таңдау. Адам қаншалықты көңілді болса, ол соншалықты отбасына, жұмысына көңіл бөледі. Өзім алғаш рет келіп отырмын. Алдағы уақытта балаларымды да жіберемін, – дейді қала тұрғыны Рима Сұлтанова.

Кәсіпкердің айтуынша, дұрыс тамақтану – адам денсаулығының негізі. Пайдалы тағамдарды, сусындар мен жеңіл тағамдарды таңдап, физикалық белсенді болу көптеген аурулардың алдын алмақ.

– Бұл кәсіпті алғашында сіңілімнен үйрендім. Содан тәуекел етіп, өз қаламда ашуға қадам жасадым. Егер сіз балаңызды көкөністерді жеуге мәжбүрлей алмасаңыз, оған өзіңіз жеп көрсетіңіз. Балаңыз тамақ таңдау туралы сізден үйренуі керек. Сондай-ақ оған өзі жақсы көретін басқа пайдалы тағаммен аз мөлшерде жеміс-жидек немесе көкөніс ұсынып көрсеңіз болады. Көптеген отбасы үшін таң асығыстықпен өтуі мүмкін, бірақ егер күнді теңдестірілген таңғы астан бастасаңыз, бұл балаңызға оның өсуіне және дамуына қажетті кальций мен жасұнық сияқты маңызды қоректік заттарды алуға көмектеседі. Балаларға күніне кем дегенде бір сағат физикалық белсенділік қажет. Баланың смартфонмен өткізетін уақытын шектеуге үйрету де маңызды. Күн сайын пайдалы тамаққа және көңілді іс-шараларға үйрету оның дамуына көмектеседі, денсаулығын жақсартады және оны өмір бойы оң, сау шешімдер қабылдауға дайындайды, – дейді Мейрамкүл Қосымқызы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<