Тарихи жеңіс

399

0

Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі Елена Рыбакина Англия астанасы Лондон қаласындағы Уимблдон турнирінде тунистік Онс Жаберді жеңіп, ел спорты тарихында тұңғыш мәрте жоғары табысқа қол жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны Уимблдон турнирінің финалына шығуымен құттықтады.

«Елена Рыбакинаны теннистегі ең беделді жарыс саналатын Уимблдон турнирінде табысты өнер көрсетуімен құттықтаймын. Ол финалға шықты!»  деп жазды Мемлекет басшысы әлеуметтік желіде.

Айта кетсек, финалдық ойынның бірінші сетін тунистік теннисші 6:3 есебімен өзінің пайдасына аяқтады. Екінші сетте Елена ес жиып, қарсыласына лайықты жауап қайтара білді. Бірден қарсыласының геймін жеңіп, алға шығып кетті. Одан кейін бесінші гейм барысында тағы бір брейік жасады. Осылайша аталған сет 6:2 есебімен Еленаның жеңісімен аяқталды.

Одан кейінгі үшінші сет те қазақстандық теннисші басымдығын арттыра түсті. Бұл жолы да 6:2 есебімен жеңіп, Уимблдон турнирінің чемпионы атанды. Ол екі миллион фунт стерлинг (бір миллиард теңгеден астам) сыйақы алды.

– Матчқа дейін де, оның барысы да маған оңай тиген жоқ. Қарсыласыма тамаша бәсеке үшін алғысымды айтамын. Жанкүйерлерге рахмет. Олардың алдында ойнау мен үшін үлкен құрмет еді. Мен жарысты екі апта бойы жалғастырамын деп ойлағаным жоқ. Ал жеңімпаз болу тіпті ғажап, – деді ол.

Елена Рыбакина 1999 жылдың 17 маусымында дүниеге келген. 2018 жылдан бастап Қазақстан атынан сынға түсіп жүр. 2019 жылдың шілдесінде Рыбакина теннистен Бухарест ашық чемпионатына қатысты, онда ол WTA бойынша бірінші титулын жеңіп алды. 2020 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, төртінші орын иеленді.

Кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Елена ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<