Тегін дәрі кімге беріледі?

1189

0

Жасыратыны жоқ, елімізде, оның ішінде өңірімізде де  тегін дәрі-дәрмек алуға мұқтаж жандар жетерлік. Әйтсе де, сол тегін дәрі-дәрмек кімге және қалай беріледі? Алдымен осының аражігін ашып алсақ.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шең­берінде және міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­тандыру жүйесінде дәрілік заттар, медициналық бұ­йым­дармен қамтамасыз етуге, оның ішінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде тегін және же­ңіл­дікпен берілетін дәрілік заттардың тізбесі бекітілген. Ол үш бөліктен тұрады. Біріншісі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар. Екіншісі, ересектерге арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар. Үшіншісі, 18 жасқа дейінгі бала­ларға арналған амбу­ла­ториялық деңгейде МӘМС шеңберіндегі дәрілік заттар мен бұйымдар.

Мәселен, Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматы қандай да бір ауруға шалдыққан жағ­дайда, бірден өзі тіркелген емханаға қаралады. Тиісті анализдер тапсырып, диагнозы расталған соң, диспансерлік есепке тұрады. Сонан ке­йін емдеуші дәрігер науқасқа   дәрілік рецепт жазып береді. Алайда, науқасқа, жоғарыда аталғандай, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Тегін медициналық қызметтің кепіл­дендірілген көлемі» шең­бе­рінде арнайы тізімдегі дәрі-дәр­мектер ғана тегін беріледі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ об­лыс­тық филиалының мәлі­метінше, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар 35  ауру түрі бойынша барлық диспансерлік есепте тұратын науқастарға (279  дәрілік зат және 8 атау­лы медициналық бұйым) тегін беріледі. Оларға қан айналым жүйесінің, тыныс алу, ас қорыту, қан, қан ұю ағза­ларының аурулары және иммундық механизмді тартатын жекелеген бұзылулар, эндокриндік жүйе аурулары,  психикалық бұзылулар, нерв жүйесі, онкологиялық, тағы басқа бірқатар аурулар жатады.

Ал МӘМС жүйесінде барлығы 105  ауру түрі бо­йынша 338  дәрілік зат пен 20 медициналық бұйым енгізілген.

Мәселен, қаладағы ірі медициналық мекеменің бірі – № 3 емхана 65 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.  Емхананың жалпы тәжірибелік аймақтық дәрігері Әйгерім Абдраманованың айтуынша, мұнда 8500-ге жуық науқас диспансерлік есепте тұрады.

– Денсаулық сақтау минис­трлігінің арнайы бұйры­ғымен бекітілген «тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі» шеңберінде диспан­серлік есепте тұратын нау­қас­тарға, әсіресе, жүректің ише­миялық ауруы, қант диабеті секілді  аурулар бойынша тегін дәрілер берілуде. Сонымен бірге МӘМС арқылы да ересектер мен балалардағы жоғарғы тыныс жолының қабынуы, пневмония, анемия секілді бірқатар ауруларға тегін дәрілер қарас­тырылған, – дейді ол.

Ал қаладағы № 1 емхана 40 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Мұнда 9 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұрады.

Денсаулық сақтау минис­трінің 2017 жылғы 29 тамыз­дағы № 666 бұй­ры­ғына сәйкес 135 ауру түріне тегін дәрі-дәрмектер қара­с­тырылған. Мысалы, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, артериялық гипертензия диагноздарымен есепте тұратын науқастар дәрігердің нұсқауы бойынша ай сайын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіліп отырады.

Биыл шілде айының ая­ғында Covid-19 пандемиясына байланысты  қосымша тегін дәрі-дәрмектер қарастырылып тізімге қосылды, – дейді емхана бас дәрігері Рахима Аяғанқызы.

Қазіргідей дәрі бағасы шарықтаған уақытта емханалар тарапынан берілетін тегін дәрілер талай жанға әжептәуір көмек. Мәселен, №3 емхананың қызмет алушысы, қала тұрғыны Қарлығаш Жолболсынова – созылмалы ауруына байланысты тегін дәріні тұрақты түрде алып келетіндердің бірі.

– Емханадан  тегін дәрі­лер  алып отырамын. Бұл – мем­ле­кеттің жеңілдігі. Сол үшін алғысымды жеткізгім келеді,– дейді ол.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<