Төл теңге – тәуелсіздіктің бойтұмары

548

0

Отыз жылдан асқан тәуелсіздік тарихындағы мемлекет мәртебесінің өсуі мен экономиканың нығаюында теңгенің орны ерекше. 1993 жылы Ұлттық валюта енгізілген кезде облыс бюджеті бар болғаны 135 млн теңгені құраса, білікті қаржыгерлер жұмысының нәтижесінде еселеп артты. Бүгінде аймақ тайқазаны 609 млрд теңгеге жетті. Облыс құрылысы қарқын алған аймақтар қатарына енді. Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша да оң динамика бар. Сыр өңірінің қаржыгерлер мектебі қалыптасып, өсіп-өркендеді.

Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында Ұлттық валюта күніне орай өткен  салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналғандарды төл теңгенің 30 жылдығымен  және қаржыгерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, аймақ дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

– Мемлекеттің төл валютасы – Мемлекеттік Ту, Гимн, Елтаңбамен бірге айтылатын тәуелсіздіктің басты белгілерінің бірі. Ел экономикасының дамуын оның күретамыры – қаржы жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Бүкіл елдің тағдырына тікелей қатысы бар бұл сала аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жақында облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді. Облыстың қаржы қазанында 1993 жылы бар болғаны 135 млн теңге болса, қаржыгерлердің біліктілігі мен еңбегінің  нәтижесінде жыл сайын еселенуде. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд теңге болса, қазіргі таңда 609 млрд теңгеге жетті. Биылдың өзінде қосымша 168 млрд теңге қаржы тартылды. Облыстың даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артты, – деді аймақ басшысы.

Төмен тенденция көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасы байқалады. Биыл аймақта 12,5 млрд теңгенің 12 жобасы іске қосылды. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға мемлекеттік бағдарламалар аясында 24 млрд теңге қаржы тартылып, 3,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды.

Мемлекеттік қолдау тетігіне қаралған қаражат өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артты. Соның нәтижесінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,3 пайыз, жұмыспен қамтылғандар саны 15,8 пайыз өсті. Ел Президентінің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы 10 айда 97 пайыз орындалды. Өңірде көптеген жаңа нысандар салынып, маңызды жобалар іске асуда. Нәтижесінде Қызылорда облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, үздік аймақтар қатарына енді.

–    Облыста атқарылған жұмыстардың барлығында, әрбір цифрда қаржы саласы мамандарының еңбегі ұшан-теңіз. Сыр өңірінде Камал Шөкенов, Бименді Баймаханов, Құттықожа Ыдырысов секілді сала майталмандары кәсіби қаржыгерлер мектебін қалыптастырды. Жас мамандар сол мектептің шәкірттері ретінде ел дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Қымбатты қаржыгерлер, сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сөзімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Төл теңгеміз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы, экономикалық дамуымыздың басты кепілі» деген тұжырымымен қорытындылағым келеді. Тәуелсіз мемлекетіміздің және Сыр өңірі экономикасын нығайту жолындағы қызметтеріңіз берекелі болғай, – деді аймақ басшысы.

 Іс-шарада аймақтың қаржы және экономика салаларында еңбек еткен ардагерлер облыстың Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің алғыс хатымен, теңгенің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен, ҚР Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің наградасымен марапатталды.

Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<