Түркияның 30 құтқарушысы Алматыға оқуға келуге дайын

400

0

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы Владимир Цой Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарының жай-жапсарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– 7 ақпанда Президент тапсырмасымен Алматыдан бауырлас Түркия халқына көмектесу үшін барлығы 33 адам және Апаттар медицинасы орталығынан 5 маман аттанды. Түркияға барғаннан кейін қазақстандық құтқарушылар Газиантеп қаласында жұмыс істеді. Алматылықтар түрік координаторларынан ең ауыр нысанды көрсетуді өтінген. Ол жерге 10 адам жіберілді. Толығымен қираған үш қабатты ғимарат болды. Біз оған көзбен шолу жасадық, оған жақын тұрған үйдің де қирау қаупі болды. Тексеру кезінде олар бір әйелді тапты, оны шығару үшін түні бойы жұмыс істеді. Ғимараттың басылып қалғаны сонша, бетон төбесі мен еденнің арасы 30 сантиметр болды, қиын жағдайда жұмыс істеуге тура келді, – дейді Владимир Цой.

Айтуынша, таңертең құтқарушылар тағы бір мәйітті тапқан. Ол табылған әйелдің қызы еді. Сақтық керек болды, ол кезде барлығы 5 мәйіт табылды.

Зардап шеккендерді шығару үшін үш қабатты ғимаратты бөлшектеу қажет болды, жұмыс екі күнге созылды, одан қаза болған 19 адамның мәйіті шығарылды.

– Бір жағынан эмоционалды қысым көп болды, өйткені, сілкіністер жалғаса берді. Кез келген секундта үй құлауы мүмкін еді, бірақ біз тапсырманы орындадық, зергерлер сияқты жұмыс істедік. Әр сағаттық жұмыстан кейін кинологтарды жібердік, бес минуттық тыныштық жарияланды, – деп еске алады Владимир Цой.

Құтқарушыларға 3 иісшіл ит көмектесті, олар о бастан тірі адамды іздеуге үйретілген.

Өлген адамдарды іздеуді иттер сол жерде, Түркияда үйренді. Олардың арасында Джейкоб бар, малинуа тұқымының бельгиялық овчаркасы.

– Джейкоб қиын жағдайда жұмыс істеді, диаметрі шамамен 50-60 сантиметр болатын 3 метр тереңдікке тігінен өту керек болды. Дыбысқа қарай жұмыс істеу керек еді. Біздің жолымыз болды, іздеу құрылғыларын қолдана отырып, зардап шеккендерді дәл таптық. Құрылыс қоқыстары шелектерге салынып, медициналық құрылғылардан түтік жасалып, оны ойыққа түсіріп, зардап шеккендерге осылай су жіберілді, – деді РЖҚЖ басшысы

Қазақстандық құтқарушылар барлығы 7 адамды құтқарып, қаза болған 88 адамды шығарды.

Қазақстан құтқарушыларының кәсіби шеберлігін түрік әріптестері мен қарапайым азаматтар жоғары бағалады.

– Олар аудармашы тауып, «қазақтар неге соншалықты мықты, сіздерде жер сілкінісі жиі болып тұра ма?» деп сұрады. Оған мен Қазақстанда білікті құтарушылар мектебі қалыптасқанын айттым. Расында, елімізде өте жақсы мектеп қалыптасқан. Біз жыл сайын полигонда оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өткіземіз. Бұл дайындық Түркияда өте пайдалы болды, – деп жалғастырды Владимир Йой.

Сонымен қатар ол құтқарушыларға Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен еріктілер қолдау көрсеткенін тілге тиек етті.

– Олар түрік құтқарушыларын оқытуға көмектесуді өтінді. 30 құтқарушысын Алматыға оқуға жіберуге дайын, – деді спикер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<