Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан әуежайында Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовті қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов түркітілдес елдерге ортақ ең көрнекті рухани және тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі, ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, зиярат етті.
Мәртебелі меймандар әйгілі ойшылдың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Сондай-ақ кесенеде жүргізіліп жатқан реставрациялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы «Этноауыл» кешеніне барды.
Мемлекет басшысы мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағында орналасқан ұлттық-мәдени кешенді аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов «Шығыс базарын» аралап, дәнді дақылдардың сұрыптарымен танысты.
Мәртебелі меймандарға ұлттық тағам түрлері, ағаштан түйін түю, кілем тоқу, киіз басу, қыш және зергерлік бұйымдар жасау сияқты халық қолөнері шеберлерінің туындылары көрсетілді, салт-дәстүрімізді паш ететін театрландырылған қойылым ұсынылды. Сонымен қатар олар тазы ит пен қыран құстарды тамашалады.
Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Turkistan визит орталығына барды. Меймандарға көне «Күлтөбе» қалашығының тарихи келбетін сақтау және абаттандыру жобасы туралы мәлімет берілді.
Тарихи ескерткішті музейге айналдыру барысы таныстырылды. Қалашықтың 27 гектар аумағында археологиялық қазба жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар таяуда ашылатын «Қолөнершілер қалашығының» тұжырымдамасы назарға ұсынылды. Оның ішінде шеберханалар, ұлттық тағам түрлерін ұсынатын орындар, шығыс базары және шағын қонақ үйлер орналаспақ.
Осы орайда биыл 25 наурызда Түркістанға World Craft Council халықаралық ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» деген мәртебе берілгенін атап өткен жөн.
Бұдан бөлек, визит орталықта Қазақстан Президенті мен Түрікменстанның Ұлт көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бірегей тарихи жәдігерлермен танысты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<