Тұрақты жұмыс – тіршілік өзегі

420

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте былтыр жоспарланған халықты жұмыспен қамту бағытындағы көрсеткіштердің орындалуы мен биылғы қойылған міндеттер талқыланды. Жиынға басқарма басшылары және селекторлық режимде қала мен аудан әкімдері қатысты.

Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуы және 2023 жылға қойылған міндеттер бойынша баяндама жасады.

– Аймақта жұмыссыз тұрғындарды қамту барысында бізге 87 рет өткізілген бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі септігін тигізді. Соның нәтижесінде былтыр 43475 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы былтыр 30490 жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Жыл қорытындысымен 31315 жаңа жұмыс орны құрылып, жоспар 102,7 пайызға орындалды. Ал биыл 30256 жұмыс орнын жоспарлап отырмыз.  Президенттің 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес, былтыр облыста 4587 жұмыс орнын құру жоспарланса, жыл соңында бұл көрсеткіш 12 мың орыннан асты, – дейді басқарма басшысы.

Президент тапсырмасы былтыр біздің өңірде артығымен орындалып, республика бойынша жоғары көрсеткішге қол жеткізген аймақтардың қатарына енген болатын. Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыс бойынша жұмыссыздық деңгейін 4,8, ал жастар жұмыссыздығы деңгейін 3,9 пайыз ету жоспарланып отыр.

– Биыл өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілген болатын. Соған сәйкес өңірде 43898 жұмыс орнын, сондай-ақ Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес 10651 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Сондай-ақ аудан және қаладағы жауапты тұлғалар ұлттық жобалар бойынша жұмыс орындарының ашылуын, зейнетақы аударымдарының уақытылы аударылуын, еңбек шартының 100 пайыз болуын, электронды еңбек биржасынан тіркелуін және жалған жұмысқа орналастыруға жол бермеуді сұраймыз, – деді Ғ.Жаңабаев.

Өз кезегінде аймақ басшысы бірқатар аудан және басқармалардың межелі жоспарды орындамауы салаға кері әсер етіп отырғанын айтты. Өткен жылы төмен нәтиже көрсеткен Қармақшы, Жалағаш, Қазалы, Жаңақорған аудандары әкімдері мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшыларына биыл бекітілген өңірлік жұмыспен қамту картасына енгізілген жобаларды толығымен жүзеге асыруды қатаң тапсырды.

– Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын құрып, жұмыссыздар санын азайту. Сондықтан осы бағыттағы шараларға бар күш-жігерімізді салуымыз қажет, – деді аймақ басшысы.

Мұнан соң аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына жауапты мекемелермен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде биыл ұлттық және жеке бастамалар есебінен жүзеге асырылатын жобалар аясындағы 43898 жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 10 мың халыққа 100 жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 10651 жұмыс орнын құру бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді.

Жиында келесі қаралған мәселе – аймақтағы санитарлық тазалық жайы. Аймақ басшысы қала мен аудан орталықтарындағы облыстық және республикалық маңызы бар жолдар, сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны және облыс территориясын кесіп өтетін магистральді теміржол бойындағы тазалық мәселесі сын көтермейтінін айтты.

– Облыс әкімі аппараты апта сайын рейдтер жүргізіп, қорытындысымен шұғыл қалыпқа келтіру бойынша тапсырмалар берілуде. Дегенмен жауапты мекемелер мен қызметкерлер әлі де немқұрайлылық танытуда. Мысалы, аудан және қалада бірнеше орын стихиялық қоқыс аумағына айналған. Жергілікті жерде тазалықпен айналысатын мекемелер бар. Ең алдымен солардың жауапкершілігін күшейту қажет. Мәселенің барлығын жеке секторларға немесе тұрғындарға артып қоюға болмайды. Бұдан бөлек, республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың, сондай-ақ магистральді теміржол бойында орналасқан нысандардың санитарлық тазалық мәселесі сын көтермейді. Өткен аптада бұл мәселе қаралды. Берілген тапсырма орындалмайтын болса, тиісті шешімдер қабылданатын болады, – деді облыс әкімі.

Жиында тазалықтың жай-күйіне арналған  слайдта көрсетілген кемшіліктерді саралаған аймақ басшысы жауапты мекеме басшыларына орын алған олқылықтарды тез арада жойып, алдағы уақытта жол бойы мен теміржол стансалары және оның маңындағы нысандардың сыртқы келбетін талапқа сай ұстауды қатаң тапсырды.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<