Үкілеген  үздіктер

404

0

Болашақ жұлдыздарды бала күнінен өнерге баулып, кішкентайынан үлкен сахнаға дайындайтын «Бозторғай» халықаралық балалар байқауы халық арасынан талай таланттарды тауып, жас есімдердің жарыққа шығуына жол ашты. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ХХV халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауы ару қала Алматыда  өтті.

Байқаудың мақсаты – талантты өнерпаздардың басын қосып, өнерін насихаттау.

Жиырма бес жылдыққа аяқ басқан «Бозторғай» конкурсына Сыр елінің намысын қорғауға барған 100-ге жуық өнерпаз әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға талантын мойындатты.

Сайысқа Болгария Тәжікстан Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан республикаларынан 1000-нан аса дарынды жас қатысып, бақ сынады. Байқау ережесіне сәйкес ән, халықтық орындау, аспапта ойнау, хореография жанрлары бойынша өнер көрсетті.

– «Бозторғай» балалар шығармашылығы халықаралық конкурсы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған конкурс Алматы қаласының Орталық демалыс паркіндегі ашық алаңда өтті. Қатысушылар еліміздің барлық аймақтарынан және шет мемлекеттерден келген. Сыр бойының талантты ұл-қыздары шетелден келіп, төрелік еткен қазылар алқасының алдына шығып, еш мүдірместен өнерін паш етті. Әрине, халықаралық байқау болғандықтан дайындық өте жоғары деңгейде жүргізілді. Өнерпаздарымыз үмітті ақтады, – деді облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы музыка және балалар шығармашылығы бөлімінің меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева.

Айта кетейік, бұған дейін Сыр өңірінде «Бозторғай» балалар байқауының облыстық кезеңі сәуір айында ұйымдастырылған болатын. Сайыс нәтижесінде 100-ге жуық өнерпаз іріктеліп, халықаралық байқауға жолдама алды. Конкурстың ерекшелігі – дәстүрлі ән салу мен халықтық орындау жанрларының қарастырылғаны. Бұл – ұлт руханиятының алтын ордасы Сыр бойында қазақ өнерінің қанат жайып, салтанат құруы. Байқаудың бастамашысы – облыстық мәдениет және спорт басқармасы болса, ұйымдастырушы – облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы.

Үш күнге созылған байқау 4 жанр бойынша жас ерекшелігіне қарай үздіктерді анықтады. 

Атап айтар болсақ, «Ән» жанры бойынша Хабибулла Қыдыралиев, «Хореография» жанры бойынша «ЕркеНаз» би тобы, «Аспапта ойнау» жанры бойынша Дінмұхаммед Алмасұлы (орта топ), «Ақмешіт»  домбырашылар ансамблі (кіші топ) бас жүлдені жеңіп алды. Басқа қатысушылар І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп, арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<