Үшжақты меморандум жасалды

711

0

Өңірде жұмыс берушілердің еңбек ұжымдарында әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған үшжақты меморандум жасау жөніндегі бастама жалғасын тапты.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аймақтың түрлі саласындағы ірі кәсіпорын басшыларымен кездесу өткізілді. Оны облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов жүргізді.

Жүздесу барысында облыс әкімінің орынбасары жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және табысын арттыруға баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

Өңірдегі ірі кәсіпорындар 23 мыңға жуық адамды еңбекпен қамтып отыр. Оларға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Ендігі кезекте еңбек ұжымдарында әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету жалғасын табуы тиіс. Әрбір жұмыс беруші қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайын жасау қадағаланады. Еңбеккерлер жалақысын кезең-кезеңімен көбейту қажет.

Облыс әкімінің орынбасары ірі кәсіпорын басшыларын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, түрлі әлеуметтік жобалар мен әлеуметтік нысандар салу арқылы халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған игі істер жасауға шақырды.

Жиын соңында облыс әкімдігі, ірі кәсіпорын жұмыс берушілері мен облыстық кәсіподақ өзара ынтамақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Олардың қатарында «СНПС – Ай Дан-Мұнай», «Шалқия Цинк ЛТД», «Қорқыт Ата әуежайы», «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ, «Көлжан», «Интертич клиникасы», «Қызылқұм», «РУ-6», «Хорасан-U (Хорасан-У)», «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы», «Фирма Балауса», «Шаған Жер», «Қазалы теміржол ауруханасы»,  «Alexey Sultan Akhmet», «Zhanros Drilling», «СКЗ-U», «Сыр медиа» «Ұлы Қабырға» (Қызылорда)» бұрғылау компаниясы ЖШС-тері және «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорындары бар.

Бұған дейін облыс әкімдігі «ҚазГерМұнай» БК ЖШС, «Торғай Петролеум» АҚ, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Қазақстан Темір Жолы Жүк тасымалы» қосалқы бөлімі, «ҚОР» мұнай компаниясы» АҚ, «ҚазПетрол груп» ЖШС, «Қуатамлонмұнай» БК ЖШС компаниялармен осындай меморандум жасаған болатын.

Меморандумның негізгі мақсаты – еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек жағдайы мен өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, жұмыс орындарын сақтау және персоналды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөнінде шараларды қабылдауға назар аударылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<