Ұйысқан ұлттың ұтары көп

348

0

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары жазушы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды.

Президент ескерткіштің жанында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, белгілі қаламгердің ұлт руханиятын дамытуға зор үлес қосқанын айтты.

– Шерағаң – халқымыздың біртуар азаматы, заңғар жазушы десек, артық айтқандық емес. Жас кезімізден бастап біз бәріміз оның «Қызыл жебе» романын,  басқа да шығармаларын оқыдық. Әсіресе, «Бір кем дүние» туындысы әлі күнге дейін өзекті. Халқымызға, әсіресе, жастарға рухани азық болған дүние деп айтуға болады. Сондықтан жазушының ескерткішіне арнайы келіп, тағзым етіп отырмыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында жергілікті зиялы қауым өкілдері елді толғандыратын мәселелерді айтып, өз ойларын ортаға салды. Олар Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси реформаларды қолдайтынын жеткізіп, шығармашылық адамдарына мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығы үшін алғыс айтты.

Президент жазушының баласы ретінде шығармашылық адамдарын әрқашан қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ еліміз дамып, өркендеуі үшін алдағы саяси науқандар кезінде де, ең алдымен, ауызбіршілік қажет екеніне назар аударды.

– Ең басты мәселе – әділ, ашық болу керек. Осындай лайықты адамдар біздің Парламентке келсе, еліміздің дамуына үлес қосады деп үміттенемін. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік, – деді Мемлекет басшысы.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушыларымен және студенттермен кездесті.

Институт ректоры Ерболат Саурықов оқу орнының маман даярлау ісіндегі жетістіктері мен алдағы даму жоспарын таныстырды. 2019 жылы бұрынғы «Тараз» қонақ үйі реконструкцияланды, қайта жасақталған жатақханада 500 студентке барлық жағдай жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің білім саласына айрықша мән беріп отырғанын атап өтіп, бүгінде білім аламын деген адамға мүмкіндік мол екенін айтты.

– Еліміздің болашағы – жастар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Білім алу өте маңызды. Абайша айтқанда, «толық адам» дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрседе қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қанағат болмауы керек. Әрдайым іздену керек. Еліміздің болашақта дамып, көркейген елге айналуы, алдымен, сіздерге байланысты. Біз сіздерге сенеміз, үлкен үміт артамыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Мемлекет басшысы.

***

Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Байзақ ауданының Көктал ауылдық орта мектебінің жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымымен жүздесіп, жаңа әрі жайлы мектепте білім алып жатқан оқушыларға табыс тіледі.

– Қазақстанның болашағы –  жастар. Мен жастарымызға әрдайым сенемін, сіздерді қолдаймын. Өмірлеріңіз жарқын, жолдарыңыз ашық болсын деп тілеймін, – деді Президент.

Білім ордасының ғимараты былтыр салынып, пайдалануға берілген.  Мектеп директоры Аят Сенбекұлының айтуынша, білім ордасында 1207 оқушы оқиды.

Үш қабатты мектеп ғимараты газбен жылытылатын дербес қазандыққа, орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылған. Мектеп материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған:  32 оқу кабинеті, 4 компьютер кабинеті, 2 лингофон кабинеті, 1 роботтехника кабинеті, 1 спорт залы, шеберханасы, кітапханасы, медициналық пункті және асханасы бар. Мектепте маңайдағы ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған.

2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында  Жамбыл облысында  9500 орындық 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның сегізі келесі жылы пайдалануға берілуге тиіс.

Жалпы, Президенттің тапсырмасымен 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 800 мың оқушыға арналған 400-ден астам жайлы мектеп салынады.

***

Президент Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасына барды.

Мемлекет басшысы өндіріс орнындағы цехтарды аралап көрді. Президентке құс фабрикасының жетекшісі Фарида Жүнісова кәсіпорынның жұмысы туралы баяндады.

Қазіргі уақытта голланд технологиясымен 1 миллион балапан өсіретін өндіріс орнында 250-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіреді, сондай-ақ өнім ішкі нарыққа жеткізіледі және Ресейге, Қырғызстанға экспортталады.

Биыл құс фабрикасының өндірістік қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыру үшін жалпы құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын 6 нысан салу жоспарланып отыр.

Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі құс шаруашылығының дамуы жөнінде мәлімет берілді.

***

Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Байзақ ауданы Талас ауылында орналасқан «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты.

Президентке «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы  жөнінде баяндалды. Сондай-ақ облыстағы жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану  бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

***

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қостөбе ауылында қарапайым тұрғынның жеке қосалқы шаруашылығын көрді.

Ауыл тұрғыны Саламат Рахманбердиев 2020 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 3,6 миллион теңге несие алып, 6 бас мүйізді ірі қара, 3 бас жылқы, 10 бас қой сатып алған. Кәсіпкер мал бордақылап сатумен айналысады. Қазір төл басын арттырып, тапқан табысына жүк көлігін сатып алған. Ол өз нәпақасын табумен қатар, ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Саламат Рахманбердиев алдағы уақытта жем сататын дүкен ашып, мал басын көбейту үшін тағы да жеңілдікпен 10 миллион теңге кредит алуға ниеттеніп отырғанын жеткізді. 

Мемлекет басшысы еңбекқор жігіттің кәсібіне табыс тілеп, өз атынан дәнуатқыш аппаратын сыйға тартты.

***

Президент Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы жаңа емхананың жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа таяуда салынған медициналық мекемеде 125 мың адам тіркеуде тұрғаны жөнінде баяндалды.

Ауыл емханасында күн сайын профилактикалық, жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі. Емхана заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Аудан тұрғындарына 260-тан аса дәрігер, орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<