Ұлт руханияты және Т.Жүргенов мұрасы

1811

0

Қайраткер жарына көше аты берілді

Тарихтың қай кезеңі, қай белесінде де өзінің асқақ рухымен, өнегелі істерімен, еліне, еріне деген адалдығымен текті атанған аналар есімі кездеседі. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 37-нің зұлматында жазықсыз жалаға ұшыраған Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш Ермекова – сондай тұлғалардың бірі.

Осы орайда, облыс орталығындағы бір көшеге Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Әмірханқызының есімі берілді. Көшенің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов, Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы С.Раев,  Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының төрағасы Р.Әбеуов, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы С.Аңсат, әр облыстан келген қонақтар мен қала тұрғындары қатысты.

Шараның ашылуында көпшілікке қайраткер ананың өмір жолы таныстырылды. Оның өмір өткелдері, жарын ақтау жолындағы ерлігі, бейбіт күндегі қажырлы еңбегі үлгі етілді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың ізгі тілегін жеткізді.

– Дәмеш апа – Темірбек Жүргенов ақталғаннан кейін жарының тарихтағы орнына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру, оның есімін ұлықтау мақсатындағы істерге ұйытқы болуға өмірін арнаған жан. Қазақтың небір жайсаңдары мен марқасқаларының басына қара бұлт үйірген 1937 жылғы қудалауда тек зиялы азаматтар ғана емес, сонымен қатар, өмірлік жарлары, білімді, білікті аналар да зобалаң құрығынан құтыла алмады. Міне, сондай жандардың бірі – Қазақстан Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің зайыбы, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Ермекова еді. Оның еңбегі мен өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Р.Әбеуов өмірі қиыншылық кезеңіне тап келіп, ғұмыры күреспен, еңбекпен өрілген Дәмеш Жүргенова есіміне көрсетілген құрметке алғысын білдірді.

Бұдан соң, көпшілік ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуына куә болды.

Дәмеш Ермекова 1905 жылы Қарағанды облысы Қазақ ауылында дүниеге келген. Орта білім алған соң, Орта Азия мемлекеттік  университетінің медицина факультетін бітіріп, 1929-1933 жылдары Ташкент медициналық институтында оқытушы болды. 1938-1946 жылдары халық жауының жары ретінде 8 жыл АЛЖИР-де отырды.

1956-1973 жылдары Алматы медицина институтында оқытушы қызметін атқарды. Алматы қаласының Құрметті азаматы атанды.

ОРТА АЗИЯДА ОРНЫ БИІК ТҰЛҒА

Орта Азия деңгейіндегі оқу-ағарту саласының, мәдениет пен өнердің өркендеуіне өлшеусіз қызмет еткен, қазақ руханиятының қалыптасуында айқын қолтаңбасы бар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен Студенттер сарайында «Ұлт руханияты және Т.Жүргенов мұрасы: Жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның ашылуында жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбайдың «Комиссар Жүргенов» кітабының тұсауы кесілді. Т.Жүргеновтің тауқыметті тағдыры, тартысты өмір жолы жайлы ой қозғайтын тарихи роман туралы «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес пікірін айтып, Т.Жүргеновтің образы арқылы ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының жүгін көтеріп тұрған тарихи-танымдық еңбек ғылыми ізденіске негіз болатынын атап өтті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева жаңа туындының жалпы мазмұнына шолу жасап, әсіресе, кейіпкердің әкесі Қараның адами болмысына қатысты айтылмай келген деректерге тоқталды. Дәлірек айтсақ, Қараның Алаш идеясын қолдауы, жергілікті халықтың алдындағы бет-бейнесі, беделі, сондай-ақ, Темірбекті ұлттық рухта тәрбиелеудегі ұстанымы туралы тарқатып айтты.  Сонымен қатар, Т.Жүргеновтің аяулы жары Дәмеш Ермекованың естеліктеріндегі шынайы оқиғаларға назар аударды. Осылайша тарихи мәні зор туынды оқырманға жол тартты.

Конференцияның  алғашқы сөзін алған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов халықаралық деңгейдегі іс-шара қонақтарына ықылас білдіріп, мазмұны терең жиын аясында Т.Жүргеновтің болмысы жаңа қырынан ашылып, жүйелі ғылыми еңбектерге арқау болатынын атап өтті.

– 2023 жыл «ТҮРКСОЙ»  ұйымы тұрақты кеңесінің шешіміне сәйкес, түркітілдес елдерде Темірбек Жүргенов жылы болып белгіленді. Қайраткердің 125 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан републикалық іс-шаралар жоспары дайындалып, бекітілді.

Мемлекет басшысы өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясы төңірегіне бірігіп,  елдің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет жасағанын, халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелгенін айтқан болатын. Сондай-ақ, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтеріп, өркениеттің, зиялылықтың, мемлекетшілдіктің негізін қалаған Алаш арыстарының  еңбегі әрдайым насихатталуы қажет екенін атап көрсеткен еді.

Тұғырлы тұлғаларымыздың шоғырында туған халқының жарқын болашағы үшін бір сәт те тыным таппай, қайтпас қайсарлық танытқан жерлесіміз Темірбек Жүргеновтің алар орны ерекше. Темірбек Қараұлы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Орта Азияда құрылған республикалардың ұлттық, аумақтық өркендеуіне елеулі үлес қосты. Тұлғалы қайраткер қысқа ғұмырында үш республиканың – Тәжікстанның, Өзбекстанның, Қазақстанның  Халық комиссары болды. Озық ойлы азамат ретінде қоғамның өркениетті тұрғыда дамуына қажетті білім мен ғылымның, мәдениеттің миссиясын мейлінше жоғары бағалады, – деді Н.Сақтағанов.

Сөзін қорытындылай келе, тарихи тұлға Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай аяулы жары, Қазақстанның Еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Ермекова-Жүргенова атына облыс орталығынан көше берілгенін, «Комиссар Жүргенов» кітабының тұсауы кесіліп, халықаралық конференцияға ұласып, одан әрі Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-академиялық драма театрында Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» қойылымымен және «Жыр арқауы – Жүргенов» атты республикалық жыр мүшәйрасымен жалғасын табатынын атап өтті.

Халықаралық «ТҮРКСОЙ»  ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев сөзінің басында түркі жұртына ортақ Қорқыт атаның мәңгі қоныс тапқан жері – Сыр еліне ыстық ілтипатын білдірді.

Темірбек Жүргеновтің бір ғана қазақ емес, бүкіл түркі халықтарының тарихындағы орны ерекше екенін  айтып, туған жері – Сыр елінде өтіп жатқан тұлғатануға арналған халықаралық конференцияның жұмысына сәттілік тіледі.

– 2023 жыл түркі әлеміндегі Темірбек Жүргенов жылы деп жарияланып, 125 жылдық аясында Анкарада, Астанада ол туралы кітаптардың таныстырылымы өтті. Алдағы уақытта Өзбекстан мен Қырғызстанда ұлт қайраткері туралы іс-шаралар өткізілмек. Сонымен қатар, қазан айында Түркияда «Нарком Жүргенов» қойылымының премьерасы болады, – деді Бас хатшы.

ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев «Темірбек Жүргеновтің мемлекеттік қызметінің ерекшеліктері» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Онда архив деректеріне сүйене отырып, Т.Жүргеновтің негізсіз айыпталуы, оның жауап берген құжаттарындағы маңызды мәліметтер жайлы сөз қозғады. Сол 1934 жылы М.Әуезовтің «Хан Кене» драмасын сахнаға шығаруы, одан кейін 1936 жылы КСРО астанасы Мәскеуде қазақ мәдениетінің онкүндігін өткізуі оның ұлттың рухын көтерудегі ерен еңбегі екенін атап көрсетті.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, Ұлттық кеңес мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған «1920-1950 жылдары сталиндік саяси репрессиялардың идеологиялық негіздері және жүргізілу тәсілдері» тақырыбын тарқата әңгімелеп, «Т.Жүргенов – сол кезеңде бүгінгі Тәуелсіздігімізге жол салған жауынгер», – деп түйіндеді.

«Комиссар Жүргенов» кітабының авторы Бейбіт Қойшыбай романға арқау болған архив деректері жайында айтып, Орта Азияға ортақ Жүргенов болмысын танытудағы жауапкершіліктің оңай болмағанын айтты.

Тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы, Қ.А.Яcсауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Хазіретәлі Тұрсын Темірбек Жүргеновтің Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси қызметі жайлы  айтып, оның Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов сынды Алаш зиялыларының идеясын қолдап, сол бағытта ұлт руханияты алдында тұрған ұлан-ғайыр жұмыстарды ұйымдастыра білгенін нақты деректермен айшықтап берді.

«Алаш ардақтысы Темірбек Жүргеновтің әдеби көсемсөз мұрасы» тақырыбын тарқатқан жерлесіміз, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Бауыржан Иманғалиев бұл тақырыпты зерттеп жүргеніне 30 жылдай болғанын, осы кезеңде ұлт қайраткерінің артында қалған әдеби шығармашылық мұрасын жинақтап, ғылыми айналымға қосып келе жатқанын айтты.

– Қазір қолымыздағы дерек бойынша 7 кітабы, 160-тан аса әдеби-публицистикалық мұрасы бар. Жалпы бүгінге дейін оның қайраткерлігі жайлы айтылады да, қаламгерлігі, шығармашылығы туралы көпшілік біле бермейтін. Сондықтан осы бағытта насихаттау мәселесіне назар аударып отырмыз, –деді ғалым.

 Түркиядағы Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Кенан Коч «Темірбек Жүргенов – Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға» тақырыбында баяндама жасап, Қайраткердің Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан мемлекеттерінде Халық комиссары қызметін атқарған тұста түркі халықтарының оқу-ағарту, мәдениет пен өнер саласын жаңа деңгейге көтеруге ерен еңбек еткенін айтты.

«Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсат қоғамдық қор жұмысы жайлы айта келіп, көрнекті ұлт қайраткерінің есімін ұлықтап, еңбегін насихаттауда осы уақытқа дейін көптеген жұмыс атқарылғанын, ал 125 жылдық аясында мемлекеттік тұрғыда қолға алынған кешенді іс-шараның бір көрінісі оның туған жері – Сыр өңірінде өтіп жатқан осынау тағылымды жиын екенін алға тартты. Сондай-ақ, жыл бойы жүзеге асырылатын насихат шараларының әлі де жалғасын табатынын айтты.

 Т.Ізтілеуов пен Т.Жүргеновтің әдеби, рухани байланысы туралы баяндама жасаған филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті Ұлжан Жанбершиева ұстаз бен шәкірттің байланысы туралы тереңнен сөз қозғап, оның мәні ұлттық мүдде аясында тоғысқан рухани үндестік деп бағалады. Сонымен қатар, Шығыс әдебиетінің жауһары Фирдоусидің «Шахнамасын» қазақ тіліне аударудағы Т.Жүргеновтің ұстанымы қазақ әдебиетін әлемдік өркениетпен ұштастыруда жатқанына назар аударды.

Конференция жұмысын облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов қорытындылады.

«Жыр арқауы – Жүргенов»

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Жыр арқауы – Жүргенов» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Жыр додасында Алматы, Орал қалаларынан, Абай, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар облыстарынан және Қызылорда қаласы мен аудандарынан келген жиырмаға жуық талантты ақын өнер көрсетті. Ал республика бойынша мүшәйра іріктеуіне қатысуға елуге жуық ақын өтініш білдірген екен.

Өзінің руханият мұрасымен қазақ тарихында қалған Темірбек Жүргеновтің тағылымды ғұмырын, оның еңбек жолын жырға қосқан ақындар өлеңін Б.Жақып, С.Аңсат, Ш.Әбдікәрімов, Қ.Сарин, Д.Аяшұлы сарапқа салды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Мөлдір Айтбайға бұйырды. І орын оралдық Марлен Ғилымхан мен ІІ орын абайлық Динара Төлеутайдың қанжығасына байланды.

Ал ІІІ орынды ақтөбелік Дәурен Тілеухан, қазалылық Ақжол Түменбай және «Сыр бойы» газетінің тілшісі Айдар Сайлауов еншіледі.

Ұйымдастырушылар Т.Жүргенов атындағы арнайы сыйлықты түркістандық Азамат Әлібекке табыстады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

Ғазиза ӘБІЛДА,

Айдар Сайлауов

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<