Ұлттық мереке ұлықталды

384

0

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты шараға қатысты. «Бүгінде әлемнің алпауыт елдері мойындаған Қазақстан Республикасының қалыптасу кезеңі өте күрделі.

Ұлан байтақ алқапты алып жатқан қазақ даласы аса ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Тәуелсіз өз алдына мемлекет құру жолында талай батырларымыз құрбан болды.

Қаншама қиын күндер басымыздан өтсе де, халқымыз барлық сынақты қайыспай, еңсесін тік ұстап көтерді. Тағдыр тауқыметі ұлтымыздың жүрегінен азаттық рухын өшіре алмады. Қазақтың қайсар ұл-қыздары қашанда елді бостандыққа үндеп, намыстарын оята білді.

Байыптап қарасақ ғасырлар тоғысында талай қиындықтарды бастан кешірген қазақ халқына өз тәуелсіз мемлекетін құру бұйырса, тәуелсіз елдің іргетасын бекіту, экономикасын нығайту Біздің несібемізге бұйырды», – деді Ардақ Ибраимов.

Сонымен қатар, Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталған бір топ азаматтың ішінде Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлына өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табысталғанын жеткізді.

Шара барысында батыр аналар Қазақстан Республикасы Президентінің №356 Жарлығы бойынша «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталды. Сондай-ақ, 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай өз саласының үздіктеріне облыс әкімінің, аудан әкімінің арнайы алғыс хаттары табысталды.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<