2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтерген болатын. Осы бастаманың аясында 2025 жылы 18 жасқа толмаған қазақстандық балаларға 129,38 доллар көлемінде қаражат аударылды.
Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – мемлекеттік саясаттағы басымдыққа ие бағыттардың бірі. Қазір еліміздегі отбасылар баланың дүниеге келген сәтінен бастап оның ер жеткеніне дейін мемлекеттің қолдауына сенімді бола алады. Айталық, ҚР Президентінің бастамасы жас азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ білім алуына жан-жақты жағдай жасап, табысты болуына бағытталған.
Айта кетейік, өткен жылдан бастап Ұлттық қордан қазақстандық балаларға 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық табысты қоса алғанда қаражат аударылып келеді. «Біз азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартып, балаларымызға кемел келешекті құрудың негізін қалап жатырмыз» деген еді Мемлекет басшысы.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасының басты миссиясы – келер ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру арқылы қаржы ресурстарын үнемдеу жолымен әр балаға ұлттық байлықтан тиесілі үлесті беруді көздейді.
Өткен жылы аталған бағдарламаға 6 919 131 адам қатысып (2006-2023 ж.ж. туған балаларды қоса алғанда), олардың әрбірінің шотына 100,52 доллар жіберілді. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 млн доллар. Осы бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам былтыр 18 жасқа толып, оларға 30,6 млн доллар аударылды. Ал биылғы 2025 жылы әр балаға жаплы 129,38 доллар аударылды.
Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың (инвестициялық кірісті қоса алғанда) жинақтарының жалпы сомасы 232,94 долларға ұлғайды.
Аталған бағдарлама бойынша аударымдар туралы ақпарат eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында ертең, яғни 2025 жылдың 1 ақпанда көрсетіледі.
Төлем тетігі барынша қарапайым. Баланың бағдарламаға қатысуы мен есептелген ақша туралы ақпаратты баланың ЖСН енгізе отырып, арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан көруге болады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар, сол секілді өзекті сұрақтардың жауаптарын ала аласыз. Бұдан бөлек балаға арналған аударымдар туралы деректерді eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, сондай-ақ Kaspi.kz, Halyk қосымшалары арқылы да көруге болады.
Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – білім мен баспана алуға баршаға тең мүмкіндік беру. Осы тұрғыдан алғанда «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы жас қазақстандықтар үшін айтарлықтай қолдауға айналды.
Жинақталған соманы кез келген жас азамат 18 жасқа толғанда пайдалана алады. Жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға аударылады және жобаның ресонденттері уәкілетті операторлардың (Отбасы банкі және Халық банкі) қосымшасы арқылы өтініш бере отырып, тиісті соманы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және білім алуға жұмсай алады.
2025 жылдың 1 қаңтарында бұл мақсатқа 66 571 өтінім беріліп, оның ішінде жалпы сомасы 5 316,7 мың долларға 53 001 өтінім орындалды. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 34 388 өтінім берілді, оның ішінде 29 542-сі орындалып, 2 964 мың доллары төленді. Білім беру бойынша 32 183 өтінім жолданып, оның ішінде 23 459 өтінім қанағаттандырылып, 2 352,7 мың доллар төленді.
Биыл бағдарламаға 6 921 035 бала қатысып жатыр (2007 жылдан 2024 жылға дейін туған балалар). Олардың ішінде 324 430 азамат 2025 жылы 18 жасқа толады.
Ұлттық қордың қаражатын жас отандастарымызды қолдау мақсатында пайдалану – еліміздің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық шешім. Аталған бастама өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етіп, өскелең ұрпақтың болашаққа үлкен сеніммен қарауына мүмкіндік береді.
ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<