Ұлттық құндылықтан ажырамау қажет

319

0

ҚР Президентінің кеңесшісі Сыр елінде болды

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауынан туындайтын тапсырмалар бойынша Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келді.

Алдымен «Достық үйінде» дін өкілдерімен кездесті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов облыста діни ахуал тұрақты әрі бақылауда екенін жеткізіп, бұл бағыттағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Одан әрі ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алып, Мемлекет басшысының  ыстық ықыласын жеткізіп, ауыл-аймақты аралап, халықпен кездескенін айтты. Сыр еліне арнайы келген сапарының мақсатына тоқталып өтті.

– Президент Жолдауында және Ұлттық құрылтайда еліміз үшін маңызды мәселелер қозғалды. Онда ұлттың келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар жеке-жеке сараланды. Олар – Тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мемлекет басшысы еліміздегі әрбір азамат басты құндылықтарды берік ұстануы тиіс екенін нық айтты.

Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымында да терең мән жатыр. Бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндеседі. Әрбір азамат адалдық жолын ұстанса, шешілмейтін түйін жоқ. Мәселен, кешегі су тасқыны кезінде «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, дін қызметкерлері  гуманитарлық көмек көрсетті. Мұның өзі үлкен қолдау болды. Сондықтан сіздерге алғыс білдіремін, – деді Мәлік Нұржанұлы.

Кездесу соңында облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев сөз алып, тағылымы мол кездесу жоғары деңгейде өткенін жеткізді.

– Бүгінгі келелі кездесудің маңызы зор болды. Президент көтеріп жүрген адалдық, әділдік принциптері жайлы кеңінен талқыланды. Халық арасында осы қағидалар турасында имамдар да жиі қозғауы керектігі айтылды.

Бізде діни ахуал тұрақты. Оған себеп бірнеше фактор бар. Соның бірі – облыс әкімінің қолдауы. Облыста 256 дін қызметкері болса, оның 200-і әртүрлі әлеуметтік жобалар аясында тұрақты жалақымен қамтамасыз етіліп отыр. Бұдан бөлек жылына екі адам Нұр-Мүбәрәк университетіне облыс әкімінің гранты арқылы оқуға түседі. Биыл осы университетті бітірген 8 маман жұмысқа орналасты.

Кездесуде Жолдаудағы маңызды мәселелер төңірегінде ой өрбіп,  білім алу, жан-жақты болу, адамгершілік туралы әңгімеленді. Дін қызметкерлері тек діни кітаптарды ғана оқып қоймай, мерзімді басылымдарға, ақпарат құралдарына  шолу жасап отыру керектігі айтылды, – деді бас имам.

Одан әрі Мәлік Отарбаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында кездесу өткізді. Оған аймақтағы жоғары оқу орындарының ректорлары, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Жиынды университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова жүргізіп, Жолдау аясындағы тапсырмалардың орындалу барысы туралы айтып, білім ошағының жаңашылдыққа ұмтылу бағытындағы істері мен ауқымды жұмыстарын кеңінен баяндап берді.

Мәлік Нұржанұлы еліміздің келешегі білімді жастар, оларға қолдау білдіру Президенттің  басты назарында екенін жеткізді. Озық ойлы ұлтқа айналу жолындағы білім мен ғылымның маңызына, білімдінің күні жарық екеніне тоқталды. Президент екі мәселеге – ұлттық әдебиет пен мәдениетімізді ұлықтауға баса назар аударады.

– Ішкі мәдениет  білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің арқасында дамиды. Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Бүгінде ұлттық әдебиеттен алшақтап барамыз. Батыс, шығыстың әдебиетіне қызығушылық басым. Бұл дұрыс, тәжірибе алмасуымыз керек. Бірақ қазақты қазақ етіп танытатын – ұлттық әдебиет.  Біз осы құндылығымыздан ажырамауымыз керек. Сондықтан жастар кітап оқуы тиіс. Мемлекет басшысы болашаққа сенімді қадам басу үшін төл тарихымызды, мәдени мұрамызды сақтап, дәріптеу қажет екенін де айтты. Дүниежүзіне Алтын орда атауымен белгілі болған Жошы ұлысы өзін мойындатқан, қуатты мемлекет ретінде танылған. Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толды.  Тарихы терең халықтың ерлігі мен батырлығын жастар ұғынып өсуі қажет , – деді Мәлік Отарбаев.

Президент кеңесшісі Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерге жан-жақты тоқталып, түсіндіріп өтті. Ұлттық бірегейлікті сақтаудағы ойларын бөлісті. Мемлекет басшысының кітап, газет-журналдарды күнделікті оқитынын, шетел тілдерін жетік меңгергенін айтты, нақты ақпарат көздерінен дерек алу керектігіне тоқталды.

Жиында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жастар комитетінің төрағасы Нұрайым Сағнадинқызы сөз алып, жастар ұйымдары қоғамдық сананы дамытуға бағытталған іс-шаралар, қайырымдылық концерттер, экологиялық акциялар, рухани құндылықтарды дәріптейтін кездесулер мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келе жатқандығын айтты. Студенттерді жатақханамен қамту үшін қосымша үш жатақхана салынғанын, бұл мәселенің толық шешімін тапқанын жеткізді. Жастарға жасалып жатқан мүмкіндік көп, соның бірі – облыс әкімдігінің жыл сайын 100-ге жуық студентке грант бөлуі. Жарқын болашақ үшін терең білім алудың маңызы зор.

Одан әрі Қызылорда Ашық университеті  Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Медет Бақытжан университетте білімді жастардың сырт елдерде тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік қарастырылғанын, оны тиімді пайдаланған жастарды атады.

Мұнан кейін ҚР Президентінің кеңесшісі сол жағалауда жаңадан ашылған Оқушылар сарайымен, Үстел тенисі орталығымен танысып шықты.

Облыс орталығындағы Абай мектебіндегі кездесуде экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету,  адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру туралы айтылды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<