Заңсыз тасымалға тосқауыл күшейтілді

447

0

Соңғы  жылдары өңірде жолаушылар тасымалдау
қызметімен заңсыз айналысатындар көбейген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар
қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев мәлімдеді.

Қазіргі кезде
аймақта аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 211 тұрақты автобус маршруты  бар. Оның ішінде ауданаралық – 71, аудандық –
109, қалаішілік және қала маңы бойынша 31 маршрут қызмет көрсетіп келеді.
Сонымен бірге облысаралық 7 автобус маршруты қатынайды.

Бұлармен қатар
жекеменшік көлігімен заңсыз жолаушы тасымалдап жүрген жүргізушілер де бар.
Нақты айтар болсақ,  Қызылорда
қаласындағы Салтанат автовокзалының 
жанынан 100-ге жуық 8 және 11 орындық «Хундай Старекс» маркалы автокөлік
иелері заңсыз аялдама ұйымдастырып, Шиеліге жолаушы тасымалдауда. Бұған тұрақты
жолаушы тасымалымен айналысып жүрген жүргізушілер наразы. Себебі, табыстарының
азаюына кері әсер еткен. Оның үстіне сапар алдында тасымалдаумен заңсыз
айналысып жүрген жүргізушінің денсаулығы, көлігінің техникалық жағдайы
тексерілмейді. Осы жайтқа орай тиісті сала мамандары жүргізушілермен кездесіп,
олардың да айтар уәждерін тыңдап, келісімге келді. Енді мәселеге қатысты түйін
шешілмек.

Брифингте
облыстық әкімшілік полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек
Құлмағанбетов ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен 2018 жылдың 22 қаңтары
мен 18 ақпаны аралығында «Автобус» шарасы өткенін айтты. Сонымен бірге
жергілікті полиция қызметі, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
басқармасы мен облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы мекемелері бірлесіп, жолаушы
тасымалдаушыларға түсіндірме жұмыстары жасалып, рейдтік шара жүргізілді.
Нәтижесінде 1408 тәртіп бұзушылық анықталды. Ал, 5 заңсыз тасылмалдаушыға ҚР
қолданыстағы заң талаптарына сай тәртіп бұзушыларға белгіленген айыппұл
санкциялары қолданылды.

Өз кезегінде қала
әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов тұрақты жолаушы тасымалымен
айналысатындарға қойылатын талаптарды 
жеткізді. Онда жүргізушілердің күнделікті денсаулығы тексеріліп,
көліктердің техникалық жағдайы бақылауда болады. Сондай-ақ, жолаушылар мен
багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдау жайында облыс бойынша көліктік
бақылау инспекциясының  басшысы Ержан
Жолдасов кеңінен әңгімеледі. Онда «Автомобиль көлігі туралы» заңына сәйкес
тұрақты емес тасымалдауға қойылатын талаптар бары айтылды. Алдымен арнайы
лицензия болуы шарт. Лицензия алуы үшін автокөліктерде тахограф бақылау
құрылғысы орнатылуы керек. Жолаушыларды автовокзалдар аумағынан отырғызуына
тыйым салынған және келісімшарт жасау арқылы ғана тапсырыстар қабылдап, жолаушы
тасымалдауға болады.

 

Сара  АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<