«Жайлы мектеп» – білімді ұлт кепілі

568

0

ФОТО

2022 жылғы қыркүйектегі ел Президегті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалар жөніндегі кеңесте және «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз» деген сөзін күллі ұстаздар қауымы мен ата-аналар үлкен қуанышпен қарсы алдық.

Ендігі жерде мемлекеттік бағдарламадан «Сапалы білім. Білімді ұлт» ұлттық жоба бағытымен оқуға көшіп, біртіндеп бір ауысымды мектепте оқуға қол жеткіземіз. Шетелдердердің заманауи мектептерінде білім алып жүрген оқушыларды теледидардан көріп, көзімен көріп келгендерден есітіп, таңдана да, қызғана да қарайтынбыз. Алдағы уақытта біз де, қазақстандық ұстаздар, шәкірттерімізге жан-жақты тәрбие, уақыт талабына сай сапалы білім беруге толық жағдай жасалатын «Жайлы мектепте» мұғалім болу мәртебесін иеленеміз.

Нәтижесінде біртіндеп апатты және үш ауысымды мектептерден арылып, жаңа форматтағы бір ауысымды мектепке оқуға қол жеткіземіз. Жаңа форматтағы «Жайлы мектептерде» балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған, барлық пән кабинеттері мен лабораториялар білім беру стандартына сай қажетті оқу-әдістемелік, көрнекі құралдармен толық жабдықталған. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларының оқу ғимараттары мен спорт залдары бөлек болып, басқа да көптеген артықшылықтарымен ерекшеленбек. Бұл жағдайлар Отанымыздың келешегі – балаларымызды «Жайлы мектепте» оқытып-тәрбиелеуге деген мемлекетіміздің қамқорлығы деп түсінеміз. Еліміздегі ауылдық аймақтардың да, қалалардың да әлеуметтік саласындағы өзекті де өткір жағдайдың бірі болып тұрған бұл мәселе көптен бері көтеріліп келе жатқаны да рас еді.

Өйткені, соңғы жылдары демография жоғарылап, көшіп келушілер саны да өсуде. Деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда Республикамыз бойынша үш ауысымды мектептер саны 32 пайызға көбейген. Жылына 170 мың оқушы мектеп бітірсе, 400 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды екен. Бір миллион тұрғыны бар қоныста 27 мектеп, 65 балабақша болуы керек екен. Республикамыз бойынша 2022 жылы 270 мың оқушы орны жетіспеушілігі болған. Кейбір өңірлерде 70 жылдан бері әбден ескірген, қам кесектен, ағаш бөренелерінен, қамыс шомынан салынған, қарапайым ғана ыңғайластырылған мектептер бар екені де жасырын емес. Республика көлемінде 2025 жылдың соңына дейін 840 мың оқушыны қамтитын 400-ге жуық «Жайлы мектеп» бой көтеретін болса, Қызылорда обылысында алдағы үш жылда он бес мың бір жүз орындық 21 заманауи үлгідегі жаңа мектеп салу жоспарланған.

«Жайлы мектеп» жобасы туралы Жарлық шыққан бойда ел Үкіметі, ұзынсонарға салмай, осы жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру туралы жедел қаулы шығарып, барлық тиісті орындарға, тапсырыс берушілерге, мердігер мекемелерге, тиісті басқарма басшыларына, әкімдіктерге, Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрігіне т.б. нақты тапсырмалар берді. Жіті қадағалап отыруды қолға алғаны халық үніне құлақ асатын Әділетті, жаңғырған Қазақстан мемлекетінің құрыла бастағаны деп түсінеміз. Ел үшін маңызы зор үлкен көштің басталып кеткеніне қуаныштымыз.

«Жайлы мектептер» әр өңірдің тұрғындарының санына орай жеті түрлі нұсқада (300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 орындық), заманға сай жабдықталған бір үлгіде, салынатын орны да балалардың мектепке қатынауына қолайлы болуы қарастырылған. Барлығында да әлемдік стандарттарға сай жабдықталған қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеуге арналған бөлек шеберханалар мен спорт залдары, алаңдары болады. Білім беру стандартына сай оқу-көрнекі құралдармен толықтырылған робототехника, физика, химия, биология кабинеттері, зертханалар, интерактивті тақталармен жабдықталады. Балалардың қауіпсіздігін қадағалайтын бейнебақылау камералары мен дыбыстық дабыл құрылғылары орнатылып, жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесі орнатылады. Яғни, «Жайлы мектеп» атына заты сай балаларымызға жайлы болуы үшін толық жағдай жасалады. Президент балаларымыздың білім алуына қалыпты жағдай жасау мемлекетіміздің негізгі маңызды міндеті екеніне тоқталып, «Өкінішке орай, қанша айтылса да, үш ауысымды, апатты жағдайдағы, тозығы жеткен мектептердің мәселесі бүгінгі күнге шейін әлі шешімін тапқан жоқ» деп ащы шындықты ашық айтты.

Ел келешегінің тұтқасы – ұрпақтарымыздың болашағының қамын ойлап, әлеуеті зор игі шара – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына бағыт берген ел Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлына, ұлттық жобаны жедел жүзеге асыруға кірісіп кеткен Үкімет басшыларына алғысымызды айта отырып, осы жоба елдің барлық аймағына тез арада қолжетімді болса игі деген тілек қосамыз.

Заманауи үлгідегі «Жайлы мектеп», яғни, іші-сырты әдемі мектеп салу мәселенің бірінші жағы болса, табысқа жетудің екінші, негізгі жағы, сол мектепте сабақ беретін ұстаздардың сапалық құрамы болмақ керек. Бұл мектептерде өз мамандығын жетік меңгерген, өз кәсібін өмірімнің мәні деп түсінетін, балаларды жанындай жақсы көретін, уақыт талабына сай интеллектуалдық тұрғыда жан-жақты дамыған, білім беру саласындағы жаңалықтарға жедел ілесіп отыра алатын ұстаздар сабақ беру керек. Сондай-ақ, бұл мектептегі тәрбие және білім беру үдерісін ұйымдастырушылар – басшы кадрлар дұрыс таңдалған болуы шарт. Сонда ғана, «Жайлы мектеп» арқылы орта білім беру сапасын арттырып, жастарымызға ұлтық құндылықтарымыз бағытында тиянақты тәрбие беріп, қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім алшақтығын болдырмауға қол жеткіземіз. Сонда ғана, ел Президентінен бастап, Үкіметіміз жедел қолға алып, бүкіл қазақ елі үміт күтіп отырған «Жайлы мектептен» жаңғырған да Әділетті Қазақстанның болашағы – еңбекқор, терең білімді, өнегелі жастар тәрбеленіп шығуларына қол жеткіземіз.

Бұрын-соңды болмаған, ел үшін маңызы зор «Жайлы мектеп» бағдарламасы кезең-кезеңмен жоспарлы түрде жүзеге асып, келешегіміздің кемел болатынына сенімдіміз.

Сөз арасында айта кетейік, бұл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасында сәби бүлдіршіндерді балабақшамен толық қамтуға да баса назар аударылған. Нәтижесінде, бұл мәселе республика көлемінде де, біздің обылыста да ойдағыдай шешіледі деп айтуға толық негіз бар.

Оразбай ҚОСАНОВ,

ҚР Білім беру ісінің үздігі,

зейнеткер ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<