Жалағаш ауданының даму жоспары ауқымды

1068

0

Аудан әкімі Асылбек Шаменов онлайн форматта 2020 жылы ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы есебін берді. Қорытынды есеп беру жиынына аудан тұрғындарымен қатар, ардагерлер, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, жастар өкілдері, облыстық басқарама, аудандық бөлім, мекеме басшылары, аудандық мәслихат хатшысы, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары және облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова арнайы қатысты.

Аудан әкімінің баяндамасында айтылғандай, соңғы жылдары аудан экономикасының даму динамикасы нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Айталық, өткен жылы аудан бюджетінің көлемі 14,1 млрд.теңгеге жетіп, жергілікті салық түсімдері 1 млрд.475 млн.теңгеге орындалған.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе одан әрі дамыту бағытында аудан бойынша 174 жоба 4,9 млрд. теңгеге қаржыландырылып, 378 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде ауданға тартылған инвестиция көлемі 23,2 млрд. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 32,4 процентке өскен. Кәсіпорындар және жеке сектор арқылы 9,9 млрд. теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда 5,8 прцентке жоғары орындалған.

2020 жылы ауданда 22 млрд. 297 млн. теңгенің ауылшаруашылығы өнімдері өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 0,7 пайызға артты. Аталған сала бойынша Жалағаш ауданы облыста алдыңғы қатардан көрініп, «Үздік аудан» атанды. Өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы саласында 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

2020 жылы Жалағаш кентінен 10 несиелік тұрғын үй салынып, өткен жылдың желтоқсан айында  табысталды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, 20 несиелік және 20 жалдамалы тұрғын үйлер салу жоспарлануда. Ал жеке сектор есебінен өткен жылы жалпы алаңы 15 709 шаршы метрді құрайтын 137 тұрғын үй салынды, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 3,4 процентке артты.

Өткен жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Далдабай және  Жаңақоныс елді мекендерінің ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.    Қазіргі таңда аудан тұрғындары 100 процент орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 784 млн. теңгеге  Жалағаш кентіндегі 6 көшеге, Қаракеткен және Таң ауылдарының кіре-беріс автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет, Жаңаталап, Аққұм елді мекендерінің электр жүйелері толық жаңартылып пайдалануға берілсе,  биылғы жылы Бұқарбай батыр елді мекенінде электр желілері қайта жаңғыртылады деп жоспарланып отыр.

Аудан әкімі Асылбек Шаменов есепті баяндамасында Жалағаш кентін газдандыру жұмыстарына тоқталып өтті:

– Аудан тұрғындары көптен күткен өзекті мәселенің бірі-табиғи газ отынымен қамтамасыз ету болатын. Бұл орайда Жалағаш кентішілік газ желісін жүргізу үшін құрылыс жұмыстарының жалпы құны 3,5 млрд. теңгені құрайды. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, іске қосылатын болады, – деді аудан басшысы.

Бұл көрсеткіштерден бөлек ауданда білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет секілді басқа да негізгі салаларда жетістіктер бар.

Есеп беру кездесуінде тұрғындар тарапынан аудан халқының тұрмысын жақсартуға қажетті деген ең маңызды мәселелер, өздерін толғандырып жүрген сұрақтар мен сауалдар ортаға салынды.

Мақпалкөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаржау Мұстафин, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Кенжеғара Сүйлейменов әкімнің есебінен кейін сөз алып, жыл көлемінде  атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды қуаттайтындығын білдіріп, сол сияқты, аудандағы елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу, кентке жақын орналасқан ауылдарды газдандыру, Мақпалкөл ауылдық округі бойынша электр желілері бағандарын қайта алмастыру қажеттігі жөнінде ұсыныстарын айтты.

Аудан әкімінің қорытынды есеп беру кездесуіне арнайы қатысқан аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова:

«Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика бар. Атқарылып жатқан жұмыстар халықтың көз алдында. Алдағы уақытта да кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды жұмыстарды жандандыру керек»,- деп бірқатар тапсырмалар берді.

Айта кетейік, биылғы есеп беру жиындары елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға сәйкес онлайн форматта өткізілуде. Бүгінге дейін кент, ауылдық округтердің онлайн форматтағы кездесулерінде тұрғындарды толғандыратын мәселелер талқыға салынып, оларды шешудің мүмкіндіктері мен тиімді жолдары сараланды.

                                                                                               «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<