Жанармай жеткілікті ме?

448

0

Наурыз айынан бастап жанар-жағармай қымбаттады. Бұған көрші елдердің баға белгілеу, қамтамасыз ету факторлары әсер еткен. Басқаша айтқанда, еліміздегі бензин бағасы көрші Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстандағы бағадан айтарлықтай төмен немесе жоғары болмауы тиіс. Баға төмен болса отандық өнімнің көрші елдердің нарығына экспортталуы себебінен тапшылық қаупі туындайды.

Қымбаттаудың тағы бір себебі – Қазақстандағы мұнай өндеу зауыттарында жыл сайынғы жоспарланған жөндеу жұмыстарының жүргізілуі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов айтты.

– Қазір АИ-92 маркалы бензинінің орташа бағасы – 170,4 теңге, АИ-95 – 188,2 теңге және дизель отыны – 188 теңге. 21 маусымдағы мәлімет бойынша, жанар-жағар май бекеттерінде 3 141,6 тонна АИ-92 маркалы бензин, 3 153,9 тонна дизель отыны қоры бар. Мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін облыс әкімдігі Энергетика министрлігімен аймаққа белгіленген жүйе құраушы мекеме «Петросан» ЖШС және Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарымен күнделікті байланыс орнатып отыр, – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытынан 530 тонна АИ-92 маркалы бензин мен 1553 тонна дизель отыны 3-4 күнде облысқа жеткізіледі. Мұнай өнімдері зауыттары толық қуатта жұмыс жасауда және қор жеткілікті. Тапшылық темір жол вагондарының жетіспеушілігінен туындауда.

– Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұдан бөлек, мұнай өңдеу зауыттарымен жұмыс жасалып, қосымша өнімдерді тиеу жұмыстары пысықталуда, – деді басқарма басшысы.

«СБ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз