Жанкүйерлік жігерлендіреді

779

0

ото: ашық дереккөз

Өткен жексенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қайсар» футбол клубының маусымашар ойынын тамашалады және Батыржан Шалғынбаев атындағы футзалдан республикалық турнирдің жабылу салтанатына қатысты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 5 наурызда Орталық стадионда биылғы жылдың алғашқы ойыны  «Қайсар»-«Қызылжар» командаларының арасында өтті. Ойын «0:1» есебімен аяқталды.

Аймақ басшысы «Евразия» спорт кешенінде өткен жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған футзалдан дәстүрлі республикалық турнирге қатысушыларды құттықтады. Байрақты бәсекенің өскелең ұрпаққа  салауатты өмір салтын насихаттауда зор маңызға ие болғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «…Бұқаралық спортты дамыту  пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, соның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз»  деген болатын. Сіздер Президенттің парасатты бастамасын қолдап, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосудасыздар.

Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда облыс бойынша 10 денешынықтыру және спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл облыс орталығынан құны 6,9 млрд теңге болатын көпсалалы спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Алдағы уақытта жергілікті «Қайсар» футбол клубы үшін заманауи жабық стадион салу жұмыстары демеуші есебінен жүзеге асырылады. Былтыр «Балалар жылы» аясында демеушілер көмегімен 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңы балдырғандарымызға тарту етілді.  Бұл халықтың спортпен шұғылдануына, саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы.

Айта кетейік, 4 наурызда «Евразия» спорт кешенінде жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған футзалдан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Биыл 27-ші мәрте ұйымдастырылған турнирге көршілес Өзбекстаннан және еліміздің 6 облысынан 32 команда, 640 спортшы қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<