Жаратылыстану бағытында өткен әдістемелік семинар

156

0

Фото: №10 мектеп-лицей

Қызылорда қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейінде «Жаратылыстану пәндерін оқытуда креативті идеялар арқылы оқушылардың ғылыми зерттеушілік қабілеттерін арттыру» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Әдістемелік семинар жұмысына «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалы, Қызылорда облыстық әдістемелік оқу орталығы және Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшылары, қызметкерлері мен жаратылыстану пәні мұғалімдері, ғылыми зерттеумен айналысатын оқушылар қатысты.

Семинар аясында табиғи органикалық тыңайтқыш алу бойынша «БиоГум» жобасы таныстырылды. Жобаның мақсаты – органикалық тыңайтқышқа бай биогумусты өндірумен қатар, оқушылардың кәсіпкерлік қабілетін шыңдау. Оқушылар аталмыш жобаны дайындауға жарты жыл бұрын кіріскен. Мектеп ғимаратының жертөлесінде «Калифорния» шылаушынын бағып-баптап, санын көбейтуде.

Мектеп әкімшілігі келген қонақтарды мектеп-лицейдің материалдық-техникалық базасымен және екіжақты ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан шаралар барысымен таныстырды.

Семинардың «Теориялық білім шыңы» атты бөлімінде химия және биология пәні мұғалімдері «Минералды тыңайтқыштар», «Ішкі мүшелер жұмысының жүйкелік реттелуі» тақырыбында ашық сабақтар өтіп, «Геймификация – оқушыларды ынталандыру әдісі», «Химия пәнінде лабораториялық және практикалық сабақтарды өткізудің тиімді жолдары», «Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері», «Биология пәнінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» тақырыбында семинарға қатысушы мұғалімдермен практикалық жұмыс жүргізді.

«Өрлеу»Қызылорда облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Жанар Жұбауова ғылыми жаратылыстану сауаттылығын дамытудағы құзыреттіліктер және дағдыларды дамыту қажеттілігі мен оқыту үдерісінде жүзеге асыру жолдары бойынша мазмұнды ақпараттармен бөлісіп, шеберлік сынып көрсетті. Семинар соңында қатысушылардан кері байланыс алынып, «БиоГум» жобасын республика көлемінде өтетін идеялар жобасына қатыстыруға ұсыныс жасалды.

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы білім беру ұйымдарының инновациялық қызметін əдістемелік тұрғыда қолдауға бағытталған әдістемелік шаралар ауқымын кеңейтіп, педагогтердің кәсіби деңгейін дамыту жұмыстарын үздіксіз жалғастыратын болады.

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<