«Жас құтқарушылар» сыныбы ашылды

393

0

Фото: аудан әкімдігі

Бүгін Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасындағы «Жас құтқарушылар» сыныбының ашылу салтанатына қатысты. Аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында ашылған сыныптың маңызы зор екеніне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласының дамуына ерекше мән беріп келеді. Президенттің бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып, облысымызда 21 мектеп салынады. Аймақ басшысының қолдауымен оның 1-нің құрылысы Сырдария ауданында жүргізіледі.

Жастарға сапалы біліммен қатар патриоттық тәрбие беру маңызды. Аудан орталығындағы №36 мектеп-лицей базасында жасақталған «Жас құтқарушылар» сыныбының өскелең ұрпақ үшін мәні зор. Себебі, мұнда оқушылардың бойына қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге, құтқару жұмыстарының дағдыларын меңгеруге бағыттайды. Оқушылар жылдамдық пен жауапкершілікті талап ететін саланың қыр-сырын үйренуге, психологиялық дайындықтан өтуге мүмкіндік алады. Осы арқылы жастар Отанды, елді, жерді қорғауға дағдыланады. Сондықтан «Жас құтқарушылар» сыныбында тәрбие алатын өскелең ұрпақ еліміздің патриоты болары анық, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Іс-шарада Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Жасұлан Түйменов құттықтау сөз сөйлеп, «Жас құтқарушылар» сыныбының облыс бойынша алғаш рет Сырдария ауданында ашылып жатқанын айтты. Қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне, облыстық білім басқармасына алғысын жеткізіп, жас құтқарушылар мүшелеріне куәлік табыстады.

«Жас құтқарушылар» сыныбы қауіпсіздікті сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысты құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда оқушыларға патриоттық бағытта іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар, жастар қауіпсіздікті сақтауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға дағдыланады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<