Жастар мәселесі талқыланды

628

0

Бейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің төрағалығымен аймақтағы жастар саясаты мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Облыс бойынша NEET санатындағы жастар және Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын бітірген қызылордалық түлектерді жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.

Кеңесте «Облыстық жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Асқар Құрмаш, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова және облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады.

– Облыс әкімі тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың қараша айы NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау айы ретінде белгіленген болатын. Облыстық ішкі саясат басқармасы, барлық деңгейдегі «Жастар ресурстық орталықтары» жергілікті әкімдіктермен, салалық құрылымдармен бірлесіп осы жылдың 1-12 қараша аралығында қала, аудандар бойынша адрестік жұмыстар жүргіздік. Жас мамандардан бірнеше мобильді топ құрып, қала, кент және ауылдық округтерді аралап, сауалнама алынды. Аймақ жастарының 38,3 проценті қамтылды, – деді А.Құрмаш.

Сондай-ақ, кеңесте Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын бітірген қызылордалық 26 түлекті жұмыспен қамту мәселесі қозғалды.

– Қазіргі таңда 26 түлектің 20-сы жұмысқа орналастырылды. Алдағы уақытта қалғандары да жұмыспен қамтылатын болады, – деді басқарма басшысы Г.Қалмақова.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова қосымша хабарлама жасап, түлектерді еңбекке орналастыру үшін өңірдегі кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, Қазалы, Шиелі және Қармақшы аудандарында аталған бағытта атқарылған жұмыстар бойынша аудан әкімдерінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарлары баяндама жасады.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет 2022 жылдың 1 ақпанына дейін сала мамандарымен бірлесіп қала, аудан бойынша NEET санатындағы жастарды толықтай анықтауды, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын 2021-2022 жылғы оқу жылында бітіретін түлектерді еңбекпен қамту бойынша жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<