Жастар рухани жаңғыру бағытындағы идеяларды талқылады

654

0

Жастық жігері мен білімін ел дамуымен ұштастырған жастар аз емес. Бүгін олар 12-тамыз Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру» – Сыр жастарының құндылық бағдары» атты жиынға қатысып, ұсыныстарын ортаға салды.

Алдымен «Рухани жаңғыру» мекемесінің директоры Уәлихан Ибраев рухани кемелденудің маңыздылығы, осы бағыттағы әлем елдерінің тәжірибесі туралы сөз қозғады. Мұнан кейін «Сыр үміті» жастар қауымдастығының атқарушы директоры Талғат Тілес мәдениетті түрде өтіп жатқан ақпарат майданында жастарға бағыт беретін институттың маңызы өте зор екенін жеткізді. 

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасында әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыты ұсынылды. Олар: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы. Қазір жастардың басым көпшілігі тарихқа келгенде тереңдей алмай, қарапайым сұрақтардың өзіне жауап таба алмай жатады. Сондай-ақ, қоғамдық орындардағы мәдениеттіліктің төмендігі, табиғатты ластау, адамдардың бір-біріне деген шектен тыс агрессиясы, масылдық көзқарастың артуы байқалады, – деді ол.

Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында жастар мәселелерді айтып қана қоймай, шешу жолдарын да ұсынды.

«Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілік мектептерде рухани жаңғыру бағыттары оқушының танымына, деңгейіне лайықты түрде түсіндірілу үшін, арнайы видео ресурстар дайындалып, тәрбие сағатының үлгісін алдымен мұғалімдерге таныстыру керегін атап өтті. Ұлттық бұйымдар әзірлейтін, ұлттық құндылықты сақтауға мүдделі кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант беруде басымдықтар болса, рухани жаңғыру бағытындағы маңызды қадам болатынын, сондай-ақ қазір қаладағы жастар арасында этникалық, тілдік бөліністің барын, мұның алдын алу керегін атап өтті.

Ал, «Jas Otan» ЖҚ филиаланың төрағасы Медет Жорабек жастарды ұлттық құндылыққа баулимыз десек, балалар мен жастардың атқа мініп үйренуі үшін арнайы орын дайындалу керегін, садақ тартып үйренетін шағын орталық ашу керегін атап өтті. Мұнан бөлек, қаладағы белгілі орындарда буккросинг жасау керектігі, театрларда жастарға арналған жаңа спектакльдер қою қажеттігі туралы да айтылды.

Жиын соңында белсенді жастарға осы кезге дейін  бағдарламаның жүзеге асуы мен дамуына қосқан үлестері үшін «Алғыс хаттар» табыс етілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<